Отандық экономиканы алға жылжытатын негізгі кластерлердің бірі – ол туризм саласы. Сол себепті де шикізатпен қоса туризм саласын дамыту, туризм нарығына бейімделу жайлы көп айтылады. Ал, Алматы туризм саласындағы көрсетілетін қызмет көрсеткіштері бойынша алдыңғы орында тұр.
Алматының туристік орталық ретіндегі әлеуетін арттыру мақсатында кешенді жоспарлы жұмыс жүргізіліп келеді. Мәселен, өткен жылы Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданы және Иран, Үндістан, Ресей, Оңтүстік Корея, Қырғызстан секілді елдермен 7 меморандум және 3 келісімшарт жасалған екен. Бұл келісімдер мемлекеттің саяси аренадағы халықаралық байланысын нығайтуға бағытталды. Әрі ішкі экономикалық өсімді арттыру да ескерілді.
Туристік өнімдерге деген сұранысты арттыру үшін Ресей, Қытай, Иран мен Үндістан нарығына көңіл бөлінді. Алматы қаласының туристік орталығы ретіндегі мүмкіндіктерін көрсетіп, өзгелерге таныстыру мақсатында Мәскеу, Қазан, Екатеринбург, Бейжің және Тегеран, Исфахан қалаларында арнайы таныстырылым өткізілген екен. Австрияның эко және тау туризмі саласына маманданған үлкен компаниясы мен үнділік туроператорлардың, сондай-ақ, Түркия, Қытай, Ресей, Германия мен Украина, Сингапур және ТМД елдері туроператорлары қатысқан ақпараттық тур ұйымдастырылды. Туристік топтар арасында өзара келісім жасағандары да бар.
2016 жылы 25 ақпанда Алматы қаласында Қазақстан мен Ресейдің 1200-ден аса туризм саласы өкілдерінің басын қосқан екіжақты халықаралық форумы өткен болатын. Жиынның басты міндеті туристер санын арттыру мақсатында туризм өкілдерінің қарым-қатынасын нығайту, екі ел арасындағы байланысты дамыту болды. Оған қоса, 29-30 қыркүйек күндері «Жібек жолындағы Алматыға 1000 жыл және аймақтағы туризмді дамыту мүмкіндіктері» деп аталатын халықаралық конференция болды. Шараны Алматы қаласы Туризм және ішкі байланыс басқармасы Азия банкі, ЮНЕСКО және Мәдениет министрлігінің қолдауымен өткізді.
Ал Алматы қаласы делегациясы «SATTE – 2016», «TITE-2016», «ITВ-2016», «Интурмаркет-2016», KITF – 2016, «JATA - 2016», «СITM-2016», «WTT-2016», «Astana Leisure-2016» сынды халықаралық туристік көрмелерге қатысты. Сонымен қатар, елімізде өтіп жатқан халықаралық ЭКСПО көрмесі аясында да Алматыны таныстыру мен таныту шаралары жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Алматының туристік потенциалын арттыру мақсатында ағылшын, қытай тілдерін білетін мамандарға біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылып тұрады. Мәселен, өткен жылдың 27 қыркүйегі мен 11 қазаны аралығында екі апталық халықаралық тренинг болды.
Г.Сембиева