11.07.2017, 09:43

«Мәңгілік ел»: алматылық жастардың саяси белсенділігі артты

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында «Мәңгілік ел» идеясы туралы айтқан болатын. Енді осы болашақтың бағдары болып саналатын ұлттық идеяның жастар арасындағы насихаты қалай жүріп жатыр? Қазақстан жастары өздеріне артылған міндеттің жауапкершілігін сезіне ме? Осындай күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелер бойынша Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы мәдени-саяси шаралар ұйымдастырып, жаңашылдыққа ұмтылған жастарға қолдау білдіріп келеді.

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауында: «Мен қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген сауалдың жиі талқыға түсіп жүргенін естіп жүрмін, біліп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар етіп ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – мәңгілік ел идеясы. Тәуелсіздігімізбен бірге халқымыз мәңгілік мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі мәңгілік елордамызды тұрғыздық. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ – мәңгілік қазақтың перзенті. Ендеше, қазақ елінің ұлттық идеясы – «Мәңгілік ел» болады», – деген еді.

«Мәңгілік ел» болу – тәуелсіз, ғылым-білімі дамыған, алдыңғы қатарлы алпауыт ел қатарына қосылу. Ал ол үшін жастар бәсекеге қабілетті, заман ағымынан қалмайтын, жаңашыл, оқу-білімге құштар болуы тиіс. Қазіргі жаппай жаһандану кезеңінде сапалы, білімді мамандар ғана бәсекеге қабілетті бола алады. Сонда ғана мемлекет дамуы ілгерілеп, өркениет көшінен қалмай, озық елдермен қатарласа алатыны «Қазақстан – 2050» – Ұлттық идея «Мәңгілік Ел» стратегиясы мен «Интеллектуалды ұлт — 2020» ұлттық жобасында айқын айтылды. Бүгінгі таңда жоғары оқу орындарында тәрбие беру мәселесіне жаңаша көзқараспен қарап, жастардың патриоттық сана-сезімін көтеруді көздейтін тәрбие формалары мен әдістерін жетілдіруге мән беріліп келеді. 

Осы тұрғыда жастар арасында түрлі танымдық шаралар өткізіліп, олардың білім көкжиегін кеңейту мақсатында ғылыми-практикалық конференциялар жиі өтіп тұрады. Мәселен, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Алматының 1000 жылдық мерейтойы қарсаңында және «Мәңгілік ел» жалпыхалықтық патриоттық идеясын жастар арасында насихаттау үшін «Жастар белсенділігі – жарқын болашақтың кілті» тақырыбында студенттік фестиваль және түрлі ғылыми-практикалық конференциялар мен кездесулер, дөңгелек үстелдер, көрмелер мен инновациялық жетістіктердің алаңы ұйымдастырылды.

«Bolashak Business Talks» ресми емес форумы да жыл жаңалығы болды. Спорттық сайыстар мен флешмоб-акциялар және өзге де жастарға арналған жобалар болып тұрады. Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының берген мәліметі бойынша, тақырыптық бес жүз мерекелік шараға 320 000 адам қатысқан. Оған қоса, қараша-желтоқсан айларында студенттер қатысқан ауқымды мәдени-мерекелік шараларда да «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы насихатталып, жастардың саяси белсенділігін арттыруға көңіл бөлінді.

Жастардың пікірсайыс клубтары мен жиындарда «Мәңгілік ел» ұлттық идеясына қатысты түрлі тақырыптар талқыға түсті. Үкіметтік емес ұйымдар да жастардың қатысуымен жиындар жасады. Жастар саясатын дамыту мақсатында жастардың Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбекпен 3 рет кездесуі өтті. Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырудың негізгі мәселелері күн тәртібіне қойылған. Студенттердің саяси белсенділігін арттырып, азаматтық позициясын қалыптастыру үшін жоспар негізінде науқандық шаралардан бөлек, әлеуметтік желілердің де мүмкіндігін пайдалану ұмыт қалмаған екен.

Г.Сембиева