«Zhastar Innovation» әлеуметтік жобасы қазақстандық жаңашыл жастардың екінші тынысын ашқандай болды. Еліміздің болашағы жастардың қолында екенін Президент Нұрсұлтан Назарбаев әрбір Жолдауы мен маңызды жиындарда жиі айтады. Ал жастар өз кезегінде кез келген инновациялық жаңалықты игеріп, заман ағымынан қалмауға тырысады. Оған «Zhastar Innovation» сынды жобаға қатысушы жас ғалымдар мен өнертапқыштардың белсенділігі дәлел бола алады.
Еске салсақ, 2016 жылы жастардың стартап-жобаларына қолдау көрсету мақсатында «Zhastar Innovation» жобасы іске қосылды. Ол Алматы жастарының инновациялық әлеуетін арттырып, жас кәсіпкерлер үшін мотивация алаңы бола алды. «Zhastar Innovation» жобасы аз уақыттың ішінде брендке айналып, жылдың үздік оқиғасы ретінде бағаланды. Ең бастысы, жас ғалымдар мен өнертапқыштар өздерінің ноу-хау идеяларымен бөлісетін, өзгелерге шабыт сыйлайтын нағыз орталық болды. Идеямен бөлісу, таныстыру орталығы ғана емес, стартаптар мен өнертабыстарға қолдау көрсететін инвесторлар табу мүмкіндігін сыйлайтын жаңашыл жоба болып қалыптасты.
Инновация және бизнес алаңы жастардың тың идеяларын жүзеге асыруға жол ашты. Өз бизнесін ашып, кәсіпкерлікпен айналысам деген жастар, студенттер мен жас кәсіпкерлерге бұл жоба тың серпін беріп қана қоймай, сөзден, жоспардан нақты іске көшуге бастайтын білім берді.
Осы жоба аясында 3 үлкен стартап-жоба іске асыпты. Олар шаралар Мега-Парк, Студенттер сарайы мен «Тұран» университетінде өткізілсе, кәсіпкерлердің қатысуымен түрлі 8 бизнес-тренинг ұйымдастырылған. Өмірде көрген-білгені мол, кәсіпкерлік тәжірибесі жоғары, айтары бар азаматтар жастардың барлық сұрақтарына жауап беріп, тіпті, бизнес-жоспар құруға да көмектескен. Одан бөлек, 3 оқыту модулі жеке ұйымдастырылды. Мұндай ресми кездесулерден басқа көңіл көтеретін сауықтыру шаралары да жиі өтіп тұрады. Осындай шаруалардың нәтижесі ретінде жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтіп, жастар 10 аталым бойынша бағын сынап көрді. Байқауға 70 жоба қатысты. Ал гранттың жалпы сыйлық мөлшері 5 млн. теңге болды.
Жоба шеңберінде 5 шеберлік сағаты мен танымал, бизнес саласында беделді кәсіпкерлердің семинар-тренингтрі өтті. Әсіресе, ресми емес кездесулер қызықты өтіп, оған жиналған адамдар саны қалың болды. Жастар алдында сөз сөйлеп, өз тәжірибелерімен бөлісіп, оларды жігерлендірген спикерлер қатарында Қуаныш Шоңбай, Рамиль Мухоряпов, Арман Сүлейменов, Аида Кауменовалар бар. Мыңнан аса жас жиындарға қатысса, тағы 300 мыңы тікелей байланыс арқылы дәріс тыңдады.
Жалпы «Zhastar Innovation» жобасының маңызы да, берері де мол. Қазір инновациялар мен ақпараттық технологиялар заманы. Ал халықтың, әсіресе, жастардың тың идеяларына қолдау білдіріп, идеясының табыс көзіне айналуына көмектесетін бірден-бір үлкен мүмкіндік деуге болады.