08.08.2017, 10:18

2022 жылға дейін оңтүстік облыстардан 59 мың отбасы солтүстік өңірлерге қоныс аудара алады

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында азаматтарды еңбекке жұмылдыруды арттыру шаралары туралы айтты.

Ол Өнімді жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлік бағдарламасы аясында 2017 жылға «еңбекке жұмылдыру» бағытына 710 млн теңге қарастырылғанын атап өтті. Бұл ақша 288 отбасын қоныс аударуды қамтиды, себебі қазіргі уақытта ішкі қоныс аударуға квота қарастырылған. Көрсетілген сома көшуге берілетін материалдық көмек пен 12 ай ішінде тұрғын үйді жалдауға жұмсалған шығындарды өтеуге берілетін субсидиядан тұрады. Оның мөлшері елді мекеннің орналасқан жері мен отбасы мүшелерінің санына байланысты әр отбасыға 34 мыңнан 68 мың теңгеге дейінгі аралықта қаражат беріледі.

«Талдау жұмыстарын жүргіздік және еліміздің солтүстік өңірлеріндегі қазіргі демографиялық жағдай бойынша, таяу бес жылдың ішінде ондағы экономикалық белсенді халық саны 167 мың адамға азаятынын анықтадық. Сол себепті солтүстік өңірлерге көшуге ниет білдірген адамдардың бастамасына қолдау білдіруіміз қажет. Бүгінде қарастырылып қойған субсидияларға қосымша құралдарды ұсынып отырмыз және қаржыландыру мәселелерін пысықтап жатырмыз», - деді вице-министр.

Ол әзірленген ұсыныстарға қолдау білдірілген жағдайда 2018 жылдан бастап 2022 жылға дейін оңтүстік өңірлерден шамамен 59 мың отбасыға қоныс аударуға көмек көрсетілетінін мәлімдеді.