Астана күні мерекесі қарсаңында Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов өңірдегі «Ақпанның үйігі», «Сам қаласы» Маңғыстаудың тарихи-мәдени ескерткіштеріне барды.
«Маңғыстау – ашық аспан астындағы мұражай» екенін өз сөзінде аймақ басшысы Ералы Тоғжанов айтып өтті. Әкімнің осынау сапары аймақтағы туризмді дамытуға бағытталды. Ол облыста киелі жерлердің көп екенін, тек оны туристерге ыңғайлы етіп дамыту керектігіне баса мән берді. Бүгінде Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында киелі орындарда зерттеу жұмыстары жүргізіліп, абаттандыру қолға алынған. Сонымен қатар, туристік ескі және ортағасырлық археологиялық ескі қаланың орны мен мекенін қолдану бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Айта кету керек, 2011 жылы аудандық әкімдіктің бастамасымен «Археология» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі демеушілер қаржысына Бейнеу ауданында «Ақпанның үйігі» мен «Сам қаласына» археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген болатын.
Үйік Тұрыш ауылының солтүстік-батысынан 25 шақырым жерде орналасқан. Ескерткішті алғаш рет 2006 жылы Маңғыстау Мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының қызметкерлері А. Астафьев пен М. Қалменов ашқан.
Үйіктің оңтүстік, оңтүстік-шығысы мен солтүстігінен басқа бөлігінде айнала ор жасалған. Үйіктің оңтүстік-шығысында XIX ғасырларға жататын жиырмадан астам зираттан тұратын рулық қорым бар. Зираттардың қабір үсті қоршауы үйіктен алынған ұлутастардан қаланған.
«Ақпан үйігінің» ор сыртында, оңтүстік-батыс, оңтүстік және шығыс жағында бес-алты қоршаулар сақталған. Бұл диаметрлері бір-екі метрден аспайтын қоршаулар ғұрыптық мәнге ие болуы мүмкін.
Үйік осы өлкедегі ең ежелгі ескерткіштің біріне жатады. Салыну ерекшелігіне сәйкес б.э. дейінгі бесінші ғасырдағы әлеуметтік дәрежесі жоғары адамды жерлеу мен оның құрметіне арнайы салынған. Үйікті аршығанда ұлу тасты өңдеп қажетке жарату, шебер қиылыстырып қалау, жалпы тас өңдеу бұл өлкеде ежелден басталған өнер деген ойға келеді.
Аршылған құрылыстың диаметрі 20 метр, биіктігі 7-9 метрден кем емес, қабырғасының қалыңдығы 6,5 метр таспен қаланған. Кезінде күмбезі болғанға ұқсайды. Биік күмбезі құлап ортасына түсіп кейін үйікке айналған. Мазардың ішінен адамның сүйегі табылған, ол алтын әшекейлі киіммен жерленген. Қазба жұмыстары кезінде жерленген сүйектің маңайынан шашылып қалған алтын әшекейдің бірнеше данасы табылды. Айта кетерлігі, алтын киімді адам жерленген қабір әлдебір замандарда тоналған, шашылып қалған бұйым соны айғақтайды. Күмбездеп соғылған, киімге тағуға арналған бауырдақтары бар алтын жәдігер. Үйіктің төңірегінде арнайы орындарға от жағылып, көп мөлшерде құрбандық шалынып, шұңқырларға көміліп отырған. Төңкерілген бүтін ыдыстар, қыш қазандар табылды. Міне, мұның бәрі бұл орын сонау замандарда үлкен бір тайпаның қасиетті орыны болғанын дәлелдейді. Ұзақ уақыт бойы көшпенділер тайпасы өздерінің көсемдері жерленген орынға келіп, Алғашқы биіктігі 7-9 метрден кем емес болған. Сиынып құрбандық шалып отырған. Бұдан басқа үйіктің төңірегінен өрнекті ыдыстардың сынықтары, жебенің ұштары табылған.
«Сам қаласы» Тұрыш елді мекенінен солтүстік-батысқа қарай 20 шақырым жерде орналасқан. Ескерткіштің шығысы жанынан ауыларалық жол өтеді. Керуен-сарай ойыс жерде орналасқан. Географиялы бұл Үстірттің орталық бөлігі, ескерткіш Сам құмдарының солтүстігінде орналасқан.
«Сам қаласының» орны Бейнеуден 65 шақырым шығыстағы 45°35’ ендiк пен 55°52’ бойлық арасында орналасқан «Белдеулi» деген жерде. Сам құмының етегiндегi жергiлiктi халық «Белдеулi», «Үшүйiк», «Молақ» деп атайтын енi бес, ұзындығы он шақырымдай бұл аймақта бүгiнде құлап үйiкке айналған, кезiнде күйдiрiлген қызыл кiрпiштен салынған қырыққа тарта керуен сарайдың орны мен қар мен жаңбыр суын сақтауға арналған таспен шегенделген отыздан аса әйкелсiз құдық-қойма «сардоба» бар, үйiктерге жақын жерлерде қыштан өрнектелiп жасалған құмыра сынықтары кездеседi.
«Сам – солтүстiк Үстiртте орналасқан, XIV-XVI ғасырларда керуен жолдарының тоғысындағы iрi сауда орталығы есебінде көпшілікке кеңiнен танымал болған ортағасырлық қала». «Сам қаласын» Алтын Орданың «Сарай Бату», «Сарай Берке», «Сарайшық» қалаларымен қатар қойылған.
Сам қаласы Ұлы жібек жолының солтүстік тармағының «Ноғай жолы» делінетін саласының бойында болған.
«Сам қаласында» керуен жолы үш айырылады. Оның батысқа бағыт алғаны Қақпақты, Шиланды арқылы Есеттегі Қосқұдықтан ойға құлап, Ұшқанға соғып, Бақашы әулие маңынан Жем өзенінен, Таскешу арқылы Сағыз өзенінен өтіп Сарайшыққа жетіп, әрі қарай орыс жеріне ілігеді де, оңтүстікке беттегені Сам құмын кесіп өтіп Құсшы, Шұрық, Білеулі, Қосбұлақ, Әжігелді, Ұшқұдық арқылы Үстірттен құлап Үргенішке жетеді. Талай жыл түйе табанымен тапталған, кей жерлерде ені он, тереңдігі жарты метрден асатын керуен жолының ескі сүрлеуі Тұрыш елді мекенінің маңында әлі күнге дейін сақталған. Ғарыштан түсірілген суретте Қосқұдық пен Қосбұлақ арасындағы жол сілемі ап-айқын көрінеді.
Ал, шығысқа беттеген керуен жолы Жездіге жетіп, Жанкент, Сарайшықтан шыққан керуеннің осы жолмен елу күнде Отырар қаласына жетіп, одан әрі Монғолия арқылы Қытайға асатынын айтады.
Ералы Тоғжанов тарихи-мәдени ескерткіштердің бірегейлігін атап өтіп, бұл нысандар туристердің баратын жеріне айналдыруды тапсырды.