Елімізде баспана мәселесі өзектілігін жойған емес. Себебі республика бойынша үйге деген сұраныс пен баспана жағдайын жақсартуға ниет білдірушілер саны күн санап арта түсуде. Сандарды сөйлететін болсақ, бүгінде Қазақстанда 2 млн 300 мың адам баспанаға мұқтаж. Соның 1 млн 300 мыңы – жер кезегінде тұрғандар.
Үкімет 2017-2031 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірлегені белгілі. Бағдарламаның басты мақсаты – қазақстандық отбасыларды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған. Аталған жыл ішінде республика бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 1,5 миллионға жуық қолжетімді тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, «Нұрлы жер» бағдарламасы ҚР Ұлттық банкінің сыйақы мөлшерлемесі бойынша жеке құрылыс салушы компанияларға несие беруді қарастырады. Бүгінгі күні бұл жылдық 16 пайызды құрайды, оның 7 пайызын «Даму» қоры субсидиялайды, қалған жылдық 9 пайызын құрылыс салушы төлейді. Субсидия кәсіпкерлердің тұрғын үй салуға қатысты жаңа несиесіне беріледі. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда «Нұрлы жер» бағдарламасының арқасында құрылыс секторы және ипотекалық несиелеу нарығы оң динамиканы көрсете бастады. Айта кету керек, «Даму» қоры – ұлттық даму институты. Оның жалғыз акционері болып «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдинг» АҚ табылады.
Негізінен бес бағыт бойынша жүзеге асатын бағдарлама баспаналы болуға деген мүмкіндікті арттыратыны сөзсіз. Біріншіден, халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін жалға берілетін тұрғын үй салу; екіншіден, жеке тұрғын үй құрылысын дамыту; үшіншіден, тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы өткізілетін кредиттік тұрғын үй салу; төртіншіден, жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй салуға ынталандыру және бесіншіден, ипотекалық кредит берудің қолжетімділігін арттыру.
Көрсетілген бағыттарды іске асыру үшін Бағдарламада әкімдіктердің тұрғын үй құрылысын қаржыландыруы мақсатында 2016 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 277 млрд теңге қарастырылған. Әрине, аз ақша емес. Нәтижесі де тайға таңба басқандай. Себебі жыл сайын республикалық бюджеттен тек қана сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй салуға, инженерлік коммуникациялар жүргізуге, ипотека мен құрылыс салушылардың қарыздарын субсидиялауға және тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесінің салымшыларына кредит беруге қаражат бөлінді. Бұл –150 млрд теңге.
Мәселен, биылғы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша, республикада 47 738 тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл тұрғын үйлердің нақты көлемінің индексі өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға, ал көп пәтерлі тұрғын үйлердің саны 33 пайызға ұлғайғаны байқалады.
Демек, республиканың 14 өңірінде тұрғын үйлерді пайдалануға беру көлемі артты. Өткен жылмен салыстырғанда тұрғын үйлерді тұрғындарға тапсыру көлемі айтарлықтай өсіп, Батыс Қазақстан облысында 84 пайызға, Жамбыл 44 пайызға, Солтүстік Қазақстан 41 пайызға, Қызылорда 38 пайызға, Маңғыстау облысы 35 пайызға және Астана қаласында 33 пайызға орындалды. Сондай-ақ. құрылысы жүріп жатқан тұрғын үй нысандарын уақытында тапсыру үшін биыл республикалық бюджеттен өңірлерге 33,8 млрд теңге аударылса, оның 29,3 млрд теңгесі игерілді. Айта кету керек, «Нұрлы жер» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі – халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйлер салу. Бұған биыл республикалық бюджеттен 25 млрд теңге бөлінді. Бөлінген бұл қаражатқа 5936 пәтердің құрылысы басталды, соның ішінде 2017 жылы 2 687 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Ал бағдарламаның екінші бағытында жеке тұрғын үй құрылысын дамытуды қолдау қарастырылған. Биыл жеке тұрғын үй құрылысы үшін 60 мың жер учаскесін желілермен қамтамасыз ету жоспарланды. Жартыжылдықтың қорытындысы бойынша, жеке тұрғын үй құрылысы үшін 23,5 мың жер учаскесі желілермен жарақтандырылды.
Ең бастысы, бағдарламада жаңа тұрғын үйді сатып алған кезде халық үшін ипотеканың нарықтық мөлшерлемесін төмендету көзделген. Ипотекалық қарыздарды субсидиялау үшін Ұлттық қордан 10 млрд теңге бөлінді. Бүгінде Республиканың 6 өңірінде, атап айтқанда Астана мен Алматы қалалары, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарында жаңа тұрғын үйді сатып алу үшін халыққа жеңілдікпен ипотека беру жұмысы басталды.
Осыған сәйкес, бүгін екінші деңгейлі 7 банк бағдарламаға қатысуға дайын. Олар: Сбербанк, АТФ банк, БанкЦентрКредит, Bank RBK, Тенгри банк, «ЖССБК» АҚ және Цеснабанк. Осылардың ішіндегі екінші деңгейлі 4 банк 30 млрд теңге сомасында 2 мың адамға қарыз беруді болжауда.
Жалпы, биылғы жылдың 1-ші жартыжылдығының қорытындысы бойынша қаржыландырудың барлық көздері есебінен 47 мыңнан астам тұрғын үй, соның ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде мемлекеттің қаражаты есебінен 7 358 пәтер пайдалануға берілгенін айта кету керек.
Пәтер алу үшін 5 пайыздық несие кімдерге беріледі?
Биыл 1 қаңтардан бастап Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы күшін жойғаны белгілі. Бірақ бұл халық баспанасыз қалады деген сөз емес. Керісінше, мемлекеттің тұрғын үй саясаты жаңа деңгейге шығып отыр. Бұған дейін жеңілдетілген жолмен баспана беретін бірнеше бағдарлама болса, енді оның бәрі «Нұрлы жер» бағдарламасына бірігіп отыр. Ал мұқтаж жандардың баспаналы болу мүмкіндігі бұрынғыға қарағанда әлдеқайда артқан.
Бірнеше бағдарлама деп отырғанымыз: Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы, «2012-2020 жылдарға арналған моноқалаларды дамыту», «2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту», «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламалары. Бұлардың бәрі енді бір жүйе негізінде жүзеге аспақ.
Мәселен, бұған дейін мемлекет жас отбасылардың баспаналы болуына көбірек екпін берсе, қазір әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар да, мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлері де, оралмандар да және әлеуметтік статусы бар өзге азаматтар да пәтерді арендалық негізде ала алады. Мемлекет салатын бұл пәтерлер сатып алу құқығымен және сатып алу құқығынсыз берілетінін де айта кету керек. Яғни, алғашқы жарнасын төлемей-ақ үйлі болуға мүмкіндік көп. Оның үстіне биылдан бастап мемлекеттік бағдарлама аясында салынатын үйлердің саны да еселеп артып отыр. Сондай-ақ, қазақстандықтар жеңілдетілген 5 пайыздық несиемен де пәтер ала алады. Бұл да «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасындағы бағыттардың бірі. Ал, оны қалай алатынын білу мақсатында мемлекеттің тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асырумен айналысып келе жатқан қаржы институттарының бірі – «Тұрғынүйқұрылысжинақ банкі» АҚ. Банк «Жас отбасы» бағдарламасын сол 2012 жылдан бастап сәтті жүзеге асырды. Бірақ соңғы уақытта мемлекеттің тұрғын үйге қатысты саясаты модернизацияға ұшырап, түрлену үстінде. Енді елдегі тұрғын үйге қатысты мемлекеттік бағдарламалардың барлығы «Нұрлы жер» бағдарламасына бірігіп кетті. Жастардың мәселесін енді арендалық баспана шешетін болады, сатып алу құқығымен және сатып алу құқығынсыз. Бұл бағыт жастарға да, әлеуметтік топқа жататын азаматтарға да, мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлерге де арналған. Яғни, үйдің алғашқы жарнасын төлеуге жағдайы жоқтарға таптырмайтын мүмкіндік болып отыр. Үй алу тетіктері дәл сол бұрынғыдай: кезекке тұрып, қажетті құжаттарды рәсімдеу керек. Бірақ, бұрын «Жас отбасы» бағытын біздің банк жүзеге асырып келген болса, қазір «Нұрлы жер» аясындағы аталған бағытпен Қазақстанның ипотекалық компаниясы айналысатын болады. Ал «Несиелік баспана» деген үлкен бағыт бар. Яғни, алғашқы жарнасын салып, жылдық 5 пайыздық несиемен үйіңізді ала беріңіз. Оған халықтың барлық санаты қатыса алады. Алдымен пәтер сомасының 30 пайызын құю керек, қалған ақшасын банк береді.
Бұл жаңа бағдарлама аясында енді жыл сайын 10 млн шаршы метр баспана пайдалануға беріледі. Тұрғын үйлер екі түрлі болмақ: көпқабатты үйлер және қарапайым жер үйлер. Яғни, жыл сайын 5 млн шаршы метр көпқабатты, 5 млн шаршы метр жер үйлер салынып, халыққа беріледі.
Баспана алуда қандай жеңілдік бар?
«Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысушылар үшін несие шарттарына едәуір жеңілдіктер енгізді. Бұл жөнінде банк басқармасы төрағасының орынбасары Жанар Жұбаниязова: «Егер бұрындары салымшы «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы баспана алу үшін салымның тура 50 пайызын жинауы қажет болса, ендігі уақытта «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы баспаналы болғысы келген салымшылар 30 пайызын жинайды. Қалған 20 пайыз бағдарламаның өсімімен интеграциялануға кетеді. Сонымен қатар бағдарлама аясында ауқымды жеке тұрғын үй құрылысы да жоспарланған. Біз еліміздің өңірлеріне сапарлап қайттық. Әсіресе Қостанай облысында жеке тұрғын үй құрылысы қарқынды жүруде. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жеке тұрғын үй салу үшін несие алуға өтінім берген алғашқы салымшыларымыз да бар», – деді ол. Жанар Жұбаниязованың айтуынша, өңірлердегі баспананың ең жоғары құны шаршы метріне 180 мың теңгеден, ал Астана мен Алматы қалаларында шаршы метріне 220 мың теңгеден аспайды. Жалпы, бағдарлама аясында шамамен 13 мың шаршы жаңа пәтер салынады деп күтілуде. Бұл шамамен 860 мың шаршы метрді құрайды.
Бүгінде бағдарлама арқылы баспаналы болып жатқан жұрт көп. Банк те шама-шарқында жеңілдік шарттарын ұсынып бағуда. Алайда, бағдарлама баспанаға мұқтаж 2 млн 300 мыңнан астам халықтың жыртығын жамай ала ма? Ал «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асырудың 15 жылдық мерзімі ішінде 1,5 млн азаматты тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған.