07.08.2017, 07:05

Павлодар облысында «Тіл керуені» фестивалі соңына жетті

Павлодар облысында дәстүрлі «Тіл керуені» фестивалі биыл да жалғасын тапты. Күні кеше Екібастұз қаласынан бастау алған фестиваль бүгін Торайғыр ауылында сән-салтанатпен аяқталды. Шараның басты мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту. Ал, басты ерекшелігі – мемлекеттік тілді жаңа әдістер арқылы үйрету. Яғни, тіл үйрету дәрістері киіз үй ішінде флеш-тренинг технологиясын қолдану арқылы өтеді.

«Тіл керуені» фестивалі облыстың барлық аудандарын аралап, соңында Баянауылға келіп тоқтайды. Өйткені, жобаның тағы бір мақсаты – тілдік туристік мәдени кластерді дамыту болып табылады. Жолай әр тоқтаған елдімекенде жергілікті тұрғындар қазақ тілін үйренумен қатар, қазақ қолөнершілерінің бұйымдарын, салт-дәстүрді насихаттайтын көріністерді тамашалап, тарихқа тереңінен бойлай алады.

Осылайша, керуеннің келісті нүктесі Торайғыр ауылындағы этноауылда қойылды. Қазақтың ежелгі мәдениеті көркем де келісті ғұрпы көпшілік назарына тағы бір мәрте, мың мәрте ұсынылды. Құтты керуеннің құрметті қонағы облыс әкімі Болат Бақауов этноауылды аралап, келбетін тамашалады. Облыс басшысына «Ана тілі» орталығының директоры Шолпан Кінжікова этноауылдың көрінісі мен көркімен таныстырды.

Этноауылдағы тоғыз киіз үй ежелгі заманның келбетін көз алдымызға боямасыз әкелді. Торайғыр ауылының әсем табиғатымен бағзы заманның байырғы мәдениеті ұштасқанда иісі қазақтың, көне дәуірдің үні естіліп, самалы ескендей әсерде қалдық. Алып тұлғалы ерлер батырдың сауытын киіп, қанжарын ұстаған. Бұрымды қыздар қазақ көйлегін үстіне жарастыра киген. Ұлттық аспаптар да шараның сәніне сән қосып, мерекенің көркін қыздыра түскендей. Облыс әкімі облысымыздың түкпір-түкірінен келген керуенді тамашалады. Баянауылдың әсем табиғатын ақ параққа түсіріп, сөйлете сыр шерткен суретшілер, қазақтың көне құрал-жабдықтары мен аспаптарын ағаштан түйін түйгендей оюлаған қолөнер шеберлері, талантты әртістер мен күміс көмей әншілер. Бәрі, бәрі қазақ деген ғажап жұрттың тынысы мен тұрмысын көрсетпекке келген. Өзге ұлт өкілдері бастаған керуен қазақ тілінің мәртебесін асқақтатып, мерейін үстем ете түсті. Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларынан және Ертіс, Қашыр, Ақтоғай, басқа да аудандардан келген өнерпаздар достық, туысқандық және бірлік туын жоғары көтере өнер көрсетті. Ұлттық мәдениеттің жаңғыруына үн қосып, тектіліктің тізгінін ұстағандар керуеннің сәнін келтірді.

Патриоттық әндер шырқалғанда тау мен тастар да күңірене үн шығарғандай. Әрбір тасы сыр сақтап, тарихтың қалың беттерін құрастыратын Торайғыр ауылы «Тіл керуенінде» ата-баба мәдениетін тізбектей көрсетіп, киіз үйде тұрған көшпенді халықтың мәдениетімен таныстырды. Үйлердің жанындағы ошақта бауырсақ пісіріп, ұлттық ет тағамы – сірнеден ауыз тигізді. Қоюлатып шай ұсынып, мерекелік концертті халық назарына ұсынды.

Керуен көші тізілгенде халқымыздың ғажап та көркем мәдениетінің, келісті тұрмысының келбеті көз алдымыздан өтті. Мұның барлығы да тілге деген ынтызар көңіл мен Отанға деген ыстық махаббат деп түсіндік.

Әлия ТАУКЕНОВА