Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің «Айбын» және «Батыр» Президенттік полктері қазақстандық армияның элитасы болып есептеледі. Ең үздік әскери қызметшілерді бір арнаға тоғыстырған Қызметтің бұл құрылымдық бөліністеріне іріктеу басымдылықпен, әрі қатаң талаптарға сай жүргізіледі.
2012 жылғы 16 ақпандағы «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңына сәйкес жылына екі рет республика бойынша бозбалаларды әскерге шақырту жұмыстары жүргізіледі. Мәселен, былтырғы көктемгі шақырту бойынша ел аумағында 18 бен 27 жас аралығындағы, әскерден шеттетілуге құқығы жоқ, сондай-ақ уақытылы шақырту бойынша әскери борышын өтемеген ер-азаматтардың 30 мыңға жуығы әскерге жарамды болып танылды.
Өткен жылдан бастап күшіне енген ҚР Қылмыстық кодексінде әскери қызметтен бас тарту жауапкершілігіне қатысты арнайы бап қарастырылған.
Айта кетерлігі, жедел әскери қызметке шақырту науқаны және оған дайындалу процесі үзіліссіз жүргізілетін шара. Шақырту учаскелеріне бекітілген сәттен бастап, әскерге шықырылуына дейінгі мерзімде ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері жергілікті басқару органдарымен бірлесе отырып, әскерге шақыртуға жататын қазақстандықтардың арасында жүйелі түрде тексеру мен зерттеу шараларын жүргізеді. ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің офицерлері облыстық қорғаныс істері жөніндегі Департаменттерге барып, талап бойынша бойы 180 см кем емес әскерге шақырылушының оқу және қызмет орындарынан мінездемелерін, араласу ортасын, бейімділігін, қызығушылықтарын анықтап, оның психологиялық бет-бейнесімен қатар, медициналық көрсеткіштерін зерделейді. Талаптардың осыншама қатаң болуы Елбасының тарапынан Мемлекеттік күзет қызметіне артатын сенімімен түсіндіріледі.
Айта кетерлігі, Қызметтің офицерлерімен тілдесіп, ҚР Мемлекеттік күзет қызметі туралы толыққанды ақпарат алғаннан кейін, әскерге шақырылушылардың көпшілігі дәл осы элиталы құрылымдарға, яғни «Айбын» және «Батыр» Президенттік полктеріне шақырылуды қалайтындықтарын жасырмайды. Іріктеу барысында бекітілген ереже-талаптарға сәйкес ең бастысы Отанға деген шексіз адалдығымен, шыншылдығымен, оқыс жағдайларда жалғыз әрі нақты шешім қабылдай білу қабілетімен, төзімді әрі денесі шымыр келген және зеректігімен ерекшеленген бозбалаларға басымдылық берілетіні сөзсіз.
Спорттық және өзге де салалардағы елеулі жетістіктері әскери борыштарын дәл осы Президенттік полктерде өтеуге жолдама ретінде қарастырылатынын айта кеткен жөн.
Сонымен қатар, үміткерлерді іріктеу барысында олардың білім деңгейі мен зеректік қабілеттеріне үлкен көңіл бөлінеді. Мысалға, 2016 жылғы көп еңбекті талап еткен жұмыстың нәтижесінде 285 жас сарбаздың 200-і арнайы-орта және жоғары білімді болды. Бұл дегеніміз, әскери борыштың сапалы өтуіне ықпал ететін негізгі факторлардың бірі. «Қазақстандық армияның ең беделдісі болып саналатын Президенттік полктердің қатарына үздіктерді таңдау, әрине оңай шаруа емес, себебі күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қаматамасыз ету ісінің жауапкершілік жүгі ауыр. Сондықтан да бізге қойылатын талаптар өте жоғары. Дей тұрғанмен, біз бұл тапсырмаларды сәтті орындап келеміз», - дейді, Қызметтің офицерлері.
Бүгінгі таңда еліміздің Қарулы Күштерінің қатарында әскери борышын өтеуге ниеттілердің саны артып келеді. Оның себебі әскери салада заманауи әдіс-тәсілдерді қолданып, кәсіби деңгей арттыруда. Ос тұрғыда негізгі көрсеткіштердің бірі - қоғам өкілдерінің қатысуымен жүргізілетін шақырту комиссиясы жұмысының ашықтығын тілге тиек еткен орынды.
Әскери борышын Астана қаласындағы әскери бөлімшеде өтеп жүрген Нұрғалиев Бекзат: «Отан алдындағы борышымды дәл осы ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің "Айбын" Президенттік полкінде өтейтіндігімді өз басым үлкен абырой деп білемін. Бізге Мемлекет басшысының және өзге де күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мемлекеттік маңызы жоғары, жауапты міндеттер жүктелген. Қызметте әскери міндетімізді жоғары деңгейде атқару үшін барлық жағдай жасалынған. Сапалы тағам, қажетті киім-кешек, білімімізді жетілдіріп, спортпен шұғылдануға да мүмкіндігіміз мол. Менің ойымша, өзім сияқты әскердегі қатарластарым да, болашақта әскери мамандықты таңдайды деп ойлаймын», - дейді.
Шақырту комиссиясының тиісті барлық іс-шараларынан кейін еліміздің әр өңірінен алдын-ала іріктеуден өткен бозбалалар тереңдетілген медициналық тексеріске және психологиялық тестілеуге жолданады. Одан кейін барып, мандаттық комиссияның қорытындысы бойынша ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің қатарына қосу жөнінде шешім қабылданады.
Айта кетерлігі, сайдың серке тасындай іріктелініп алынған жас сарбаздардың әскери бөлімшелерге келу мерзіміне қарай тиісті шаралардың барлығы, оның ішінде жаңа толымдауды қабылдауға арналған бекеттер ескерілген. Оның құрамындағы Қызметтің білікті де білімді офицерлерлері жас сарбаздарға жаңа ортада бейімделуде көмек көрсетіп, әскери кәсіптің қыр-сырын меңгеруде бағыт-бағдар береді. Күнделікті әскери тұрмысқа ену әскери саймандарды алып, қызметтің ерекшеліктерімен танысудан басталады. Жас сарбаздар жаңа әрі ыңғайлы үлгілі киіммен, өзге де қажеттіліктермен жабдықталады. Мәселен, заманауи казармалық ғимараттар, күнделікті қажеттіліктерді өтейтін арнайы бөлмелер, монша мен кір жуу кешені, жеке-тәрбие жүргізу, ойын-сауық бөлмелері де қарастырылған.
Әр бір жас сарбаздың өмірінде тек қана бір рет әрі есте қалатын маңызды шаралардың бірі - салтанатты түрде Әскери Ант қабылдау рәсімі. Бұл акт ерекше әскери жоралғы болып табылады, ол әскери қызметшілерде патриотизм, Отанға және Президентке адал болу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің қатарында қызмет еткені үшін мақтаныш сезімін тәрбиелейді.
Әскери ант мемлекеттік құжат бола отырып, әскери қызметшілерден әскери қызметті мінсіз орындауды, әскери істі жіті зерттеуді, тапсырылған қару мен әскери техниканы шеберлікпен әрі мұқият қолдануды талап етеді. Ант қабылдаған сарбаздар аз уақытта әскери ортада өздерін еркін сезініп, тіпті бейімделіп те үлгереді. Бір ай ішінде жас жауынгер дайындық курсынан өтіп, салтанатты рәсімде қарумен және қарусыз саптық амалдарды көрсетіп, өздерінің дайындықтарын паш етеді.
Ант қабылдау рәсімінен кейін жас сарбаздар ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің Алматы және Астана қалаларында орналасқан әскери бөлімшелерге жіберіледі. Бұл жерде оларға аса маңызды тапсырма - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының, және өзге күзетілетін лауазымды тұлғалар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүктеледі Ресми сапармен Қазақстанға келген мемлекет басшыларының қатысуымен өтетін церемониалды іс-шараларға қатысып, Мемлекеттік Ту мен Елтаңба эталондарын күзетке алады.
Осындай жауапты қызметті мінсіз атқару үшін Қызметте әскери қызметшілердің жауынгерлік дайындығына да үлкен көңіл бөлінеді. Дайындық барысында жас сарбаздар парашюттен секіру, әр түрлі жағдайда, соның ішінде суда әскери техниканы тізгіндеуді үйреніп, тағы да басқа көптеген әскери жаттығуларды меңгереді. Айта кетерлігі, спорттық жетістіктері бар жас сарбаздар түрлі деңгейдегі, соның ішінде әлемдік ареналарда өтетін жарыстарға қатысуға мүмкіндік алады.
Мемлекеттік күзет қызметінің даму үрдісіндегі басымдылықтардың бірі - ол сапалы кадрлық құрамды жасақтауда дайындықтан өтіп, әбден төселген, келісім-шарт негізінде қызмет етіп жүрген әскери қызметшілердің қатарынан іріктеу. Яғни, әскери мамандықты таңдаған «кешегі» сарбаз қызмет бабы бойынша жоғары сатыларға көтерілуге мүмкіндік алады.
ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің тағы да бірден бір ерекшелігі - ол жас сарбаздар әскери борышын Қазақстан армиясының «биік шыңы», бір сөзбен айтқанда элитасы болып есептелетін бірегейлі Құрмет қарауыл ротасында өтеу мүмкіндігі. Қызметтің тек осы құрылымына ғана Мемлекеттік протоколды атқару жүктелген.
Бозбалалардың көбісі әскери қызметтерін дәл осы Құрмет қарауыл ротасында өтеуді армандайтыны жасырын емес. Себебі, «Айбын» және «Батыр» Президенттік полктерінде сарбаздардың бойында өз-өзіне деген сенімділік ұялайды. Сондай-ақ, қалыптасқан мінсіз дене мүсінімен, айқындалған адымдарымен әскердегі ер-азаматтардың абыройы арта түсері сөзсіз. Әрқайсысына жеке тігілетін арнайы киім үлгісі де олардың көркін одан әрі жандандырып, баршаны таңдай қақтырып, қызығушылықты арттыратыны сөзсіз.
Әскердегі қызмет кешегі бозбалалардан халқына адал айбынды ер-азаматтарды тәрбиелеп шығарады. Әскери өмір олардың өмірге деген көзқарасын қалыптастырып, болашаққа бағыт-бағдар беретін, тәлімі мен тәрбиесі мол орта, ер-азамат жолы. Олар батылдық пен жігерлікті, қажыр-қайратты, ерлік пен елдікті, ең бастысы халқы мен Елбасына деген адалдық сияқты қасиеттерді бойына жинаған еліміздің қорғандары - айбынды сарбаздарымыз. Олар еліміздің бет-бейнесі!