22.09.2017, 12:06

Алматыда ұлт зиялылары латын әліпбиіне көшудің жолдарын қарастырды

Алматыда Қазақстан Жазушылар одағында мемлекеттік тілдің біртұтас латын әліпбиіне көшуін талқылау және қолдау аясында зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен жиын өтті. Жиынды Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин ашты.

Аталмыш жиынға Молдахмет Қанаш, Марат Ыстақбай, Иран Ғайып, Бексұлтан Нұржекеұлы, Бауыржан Жақып сынды ұлт зиялылары қатысты.

Жазушылар одағында бас қосқан қаламгерлер Парламентке ұсынылғңан латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасын емес, Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты ұсынған 32 әріптен тұратын әліпбидің нұсқасын құп көріп отыр.

«Артық әріпке әліпбиден орын жоқ» деген пікірге академик Өмірзақ Айтбайұлы да қосылды. Оның айтуынша, қосарланған әріптер бала түгілі үлкен адамның өзін шатастырады.

Ал, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин латын әліпбиінің мектептердегі қиындықтарына тоқталды. Оның айтуынша, жалпы білім беретін мектептерде кириллица мен латын тілін қатар қолдану қателік болуы мүмкін.

– Бізде кирилицамен оқитын мектептер бар. Ондай мектептерді де қалдырып, латын тілімен оқытатын мектептерді де қалыптастыратын болсақ, пролеманың үлкені сонда болады. Ертең ата-аналар баланың басын қатырып қайтеміз деп, балаларын кириллицамен оқытатын мектептерге, яғни орыс мектептеріне бере салуы мүмкін. Ал, сонда латын әліпбиіне көшуді қолдап-қуаттағандардың 10-15 пайызы ғана қалса қайтеміз? Мен осыдан қорқамын, - деді Нұрлан Оразалин.

Жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы таңбадан бұрын емле ережесі жасалу қажет деген пікірін білдірді. Сонымен қатар, тіл білімі институтының жобасындағы кейбір кемшіліктерді де тізбелеп өтті.

Жиын барысында латын әліпбиінің стандартты жүйесіне көшу туралы академик Өмірзақ Айтбайұлы мен филология ғылымдарының докторы Зейнеп Базарбаева баяндама жасады.

Қаламгерлер латын әліпбиіне көшуге қарсы емес, керісінше қолдайды. Тек латын әліпбиін әлі де болса талқылап, пісіру керек деп тарқасты.

Еске салайық, Мемлекет басшысы биыл сәуір айында жариялаған «Болашаққа бағдар: ұлт жоспары» атты мақаласында қазақ тілін кешіктірмей латын әліпбиіне көшіруді үкіметке тапсырған болатын. Осы мақала жарияланысымен рсепубликалық деңгейде жұмыс тобы құрылып, латын әліпбиінің жаңа нұсқасын әзірлеуге кірісіп кетті. Алғашқы жоба осы қыркүйек айының басында Парламент депутаттарының талқылауына ұсынылған болатын. Алайда, Ш.Уәлиханов атындағы тіл институты мамандары даярлаған диграфты нұсқа қоғам белсенділерінің сынына ұшырады. Өйткені, аталған нұсқада қазақ әріптері таңбаланбаған. Оның орнына жоба авторлары қосарланған әріптер ұсынып отыр. Дегенмен, бұл нұсқа әлі де болса талқыланып, лингвист-мамандар өз пікірлерін айтатын болады.

Ақбота Мұсабекқызы