$ 511.22  540.05  4.73

Алматыда министр Елжан Біртанов мамандармен бірге МӘМС ерекшеліктерін талқылады

Елімізде биылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың күшіне енгені белгілі. Алайда, аталған реформаны халық арасында түсіндіру жұмыстары әліге дейін жалғасып жатыр. Өйткені, денсаулық сақтау саласындағы жаңашылдықты әліге дейін қабылдай алмай жатқан қазақстандықтар көп. Осы орайда бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың өзі Алматыдағы С.Асфендияров атындағы медициналық университетке келіп, селекторлық жиын өткізді. Мақсат - Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу және денсаулық сақтау саласының жекеменшік ұйымдары үшін кедергілерді болдырмау мәселелерін талқыау.

Жиынға Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық кеңесінің мүшелері, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Ұлттық денсаулық сақтау палата өкілдері, медициналық жоғары оқу орындарының басшылары, Ұлттық орталық, Ғылыми-зерттеу инсти­туттары, жекеменшік медициналық ұйымдар, Үкіметтік емес ұйымдар, Алматы қалалық емханалар ассо­циациясына қарасты емханалардың өкілдері мен селекторлық режимде Астана қаласы, барлық 14 облыстың Денсаулық сақтау басқармалары қатысты.

Министр күн тәртібіне екі мәсе­ле қойды. «Биылғы жылдың қыркүйек айында еліміздің Парламент сессиясында Мемлекет басшысы міндетті әлеу­меттік медициналық сақтандыру жүйесін енгізудің өзекті мәселелерін жан-жақты зерттеп, талқылаудан өткізуді тапсырды. Бүгінгі шара барысында МӘМС жүйесін оң­тайландырудың тиімді жолдарын талдап, денсаулық сақтаудың әр саласындағы білікті мамандар осы жүйенің қандай тетіктерін жетіл­діруді ұсынатындарыңызды ортаға салсаңыздар. Әсіресе, МӘМС жүйесін қайта реттеу мәселелеріне басымдық беріп, денсаулық сақтау саласының жекеменшік ұйымдары үшін салалық кедергілерді бол­дырмау жолдары мен шешімдерін талқылауды ұсынамын» деді Елжан Амантайұлы жиынның ашылуында.

Жиында сондай-ақ, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың халық қалтасына салмақ түсірмеу жайы, халыққа осы реформа аясында қызмет көрсететін медициналық мекемелердің жай-күйі, медициналық мекемелердегі қағазбастылықты жою сынды мәселелер де көтерілді.

Қордың 15 қыркүйекке дейінгі мәліметіне сәйкес, ел тұрғындары МӘМС қорының қазынасына 8,1 млрд теңге аударған. Қор әр апта сайын қазынаға түсетін жарналар сомасы мен медициналық қызмет түр­лерін пайдаланатын тұтыну­шы­лардың санағын жүргізіп отырады. Бүгінде 3,9 миллион адам Қор есебі­нен медициналық қызмет түрлерін пайдалана алады. Келер жылы ме­дициналық көмек көрсетуден үміт­кер денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорына барлығы 1519 денсау­лық сақтау ұйымы өтініш берген. Мемлекеттік тапсырыс негізінде қызмет көрсетуге өтінім берген ұйым­дардың жартысына жуығы, 45 пайызы (686 емхана) – жекеменшік емханалар.

«Жет­кізушілердің дерекқорын қалып­тастыру жұмыстары өте жоғары нә­тиже берді деуге болады. Қор ак­цио­нерлері бекіткен Даму стра­тегиясында жекеменшік денсаулық сақтау ұйымдарын мейлінше көбірек тарту жөнінде міндет жүктелген болатын. Дерекқор қалыптастыру жұмыстарының нәтижесі бұл мақсатқа қол жеткізуге болатынын көрсетіп берді», – деді жиын барысында баяндама жасаған «Әлеуметтік медициналық сақ­тандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрайымы Елена Бахмутова.

Оның айтуынша, медициналық ұйымдар өтініш беруде үлкен белсенділік танытқан. Биыл өткен жылғы сатып алу науқа­нымен салыстырғанда, өтініш бер­ген субъектілер саны бір жарым есеге артқан. Денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорына меди­циналық көмектің негізгі көлемін көрсететін жеткізушілер де, медици­налық қызметтің жекелеген түрле­рімен айналысатын қосалқы ден­саулық сақтау ұйымдары да енгізілді. Дерекқор тұрақты түрде жаңарты­лады, белгілі себептермен өтініш беріп үлгермеген денсаулық сақтау мекемелері алдағы уақытта тиісті құжаттарын тапсырып, дерекқорға қосыла алады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары