$ 448.56  478.03  4.79

Ақордада «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалу барысы талқыланды

Астанада Қазақстан Республикасы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтіп, комиссия мүшелері «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысын талқылады. Жиынға ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова төрағалық еткенін айта кету керек.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол» бағдарламасына бөлінген қаражаттың әр тыйыны үшін құзырлы сала мамандары жауап беретінін бағдарлама жарияланған жылы-ақ айтқан болатын. Яғни, Ұлттық қордан бөлінген қаражат талан-таражға салынған жағдайда кінәлілер қатаң жазаға тартылады. Ал, бағдарламаның орындалуын және қаражаттың жұмсалуын ҚР Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссия қадағалауда.

Комиссияның бүгінгі отырысында «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасын іске асыруға бөлінген қаражатты пайдаланудың жариялылығы мен тиімділігін қамтамасыз ету бағытындағы шаралар талқыланды.

Инвестициялар және даму министрлігінің, Бас прокуратураның, Республикалық бюджеттің орындалуына бақылау жөніндегі есеп комитетінің баяндамалары тыңдалды.

Отырысты ашқан Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекет басшысының «Егер сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаса, ешкімге де жеңілдік жасалмайды және ешкім жазадан құтылмайды» деген сөзіне тоқталды.

«Нұрлы жол» бағдарламасы ел экономикасындағы құрылымдық реформаларды жалғастыруға, транзиттік әлеуетті дамытуға және көлік инфрақұрылымын халықаралық жүйеге интеграциялауға бағытталған.

Орталықта да, сондай-ақ жергілікті жерлерде де оның уақтылы және тиімді орындалуын қамтамасыз ету маңызды. Алайда, бүгінгі таңда бұл бағытта қабылданып жатқан шаралар жеткіліксіз болып отыр.

Мәселен, бағдарламаның орындалуы барысында мемлекеттік аудит органдары бюджет қаржысын игерудің заңдылығына қаржылық бақылау кезінде 34.3 миллиард теңге мөлшеріндегі заң бұзу фактілерін анықтады.

Агроөнеркәсіп саласындағы прокурорлық тексерістер арқылы жалпы құны 15 миллиард теңге болатын 3,5 мың заң бұзу жайттары анықталды. Заңсыз 2,6 миллиард теңге субсидия төлеудің жолы кесілді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2015 жылдан бастап ақшалай қаражатты талан-таражға салу және мақсатсыз пайдалану фактілері  бойынша миллиардтаған залал келтірген 27 қылмыстық істі қозғауға бастамашы болды.

Комиссиядағы талқылау қорытындысы бойынша өкілетті органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілеріне анықталған заң бұзушылықтарды талдау және алдағы уақытта ондайға жол бермеу үшін әрекет ету тетіктерін әзірлей отырып, тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.

Еске салайық, «Нұрлы жол» бағдарламасына бөлінген қаражатты үлестіруі тиіс «Бәйтерек» холдингінің басшылары былтыр осы милиардтаған қаржыны талан таражға салғандары үшін ұсталған болатын. Олардың қатарында компания топ-менеджерлері мен экс-төраға Қуандық Бишімбаев та бар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары