06.12.2017, 13:04

Ақтөбеде «Бозой» жерасты газ қоймасы іске қосылды

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Жаңа индустрияландыру: қазақстандық барыстың қадамы» атты жалпыұлттық телекөпір өткені белгілі. Оның аясында бүкіл республика аумағында ондаған жаңа нысан ашылып, пайдалануға берілді. Солардың бірі – Ақтөбе облысындағы «Бозой» жерасты газ қоймасы. Аталған жоба «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асқан.

«Интергаз орталық Азия» акционерлік қоғамы жүзеге асырған «Бозой» жерасты газ сақтау қоймасында газ құрғату қондырғысын салу жобасы Қазақстан үшін аса маңызды. Аталмыш жоба «Бозой» жерасты газ сақтау қоймасынан алынатын табиғи газды Ақтөбе облысы мен Қазақстанның оңтүстік өңірлерінің тұтынушылары үшін «Бұқара-Орал» және «Бейнеу-Шымкент» магистральді газ құбыры арқылы тасымалдауға, сонымен қатар, тауарлы газды Ресейге, Өзбекстан мен Қытай Халық Республикасына халықаралық тасымалдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Телекөпір кезінде Елбасы алдында Ақтөбе облысынан сөз сөйлеген «ҚазМұнайгаз» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының газ тасымалдау және сақтау жөніндегі вице-президенті Ибулла Сердиев:

«Осы жобаның арқасында Ресей, Қытай, Өзбекстанға тасымалданатын транзиттік және экспорттық газдың көлемі артады. «Бозой» жерасты газ қоймасының еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде стратегиялық маңызы бар. Жаңа қондырғы өнімділікті арттырып, тәулігіне 27 миллион текше метрге жеткізбек. Бұл батыс пен оңтүстіктегі қазақстандық тұтынушыларды газбен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Нұрсұлтан Әбішұлы, іске қосуға рұқсат етіңіз!», — деді «ҚазМұнайгаз» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының газ тасымалдау және сақтау жөніндегі вице-президенті Ибулла Сердиев телекөпір барысында.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев болса аталған жобаның Қазақстан үшін қаншалықты маңызды екенін түсіндірді.

«Біз мұнай мен газды шығаратын мемлекет бола тұра, сол газға өзіміз тәуелді болып келдік. Мінекей, қазір біз бұл мәселені шештік. Бұл құбыр өте қажет. Тек елді газдандыруға ғана емес, экспортқа шығаратын газға ие болдық. Болашақтағы Қашағаннан, Қарашығанақтан, Теңіздің екінші кезеңінде шығатын газдар бар, енді осының көлемін үлкейтуіміз керек. Біріншіден, газдың көлемі 60, 70, 80 миллиардқа дейін жеткен кезде, үлкен газды экспорттайтын елге айналатын боламыз. Екіншіден, газды қазір құрғақ түрінде бермей, оны өңдеп, сол газдан шығаратын өнімді көбейтуіміз керек. Сондықтан бұл өте маңызды», - деді Елбасы өз сөзінде.

Мұнан кейін Мемлекет басшысының рұқсатымен «Бозой» қоймасында газды кептіру қондырғысы салтанатты түрде іске қосылды.

«Интергаз Орталық Азия» АҚ бас директорының айтуынша, газ сапасы жақсарып, өнімділік ұлғайды және газды жер астына айдау мен оны қайта алу уақыты 200 күннен 150 күнге дейін қысқарды. Оның айтуынша, газды құрғату қондырғысы магистральдық газ құбыры бойындағы ең ірі нысандардың бірі болып есептеледі.

— Осы жоба арқылы тәуліктік өнімділік артады, ал газ сапасы халықаралық стандарттарға сәйкес болады. Өз кезегінде, магистральдық газ құбырын пайдалану мерзімі ұлғаяды. Енді қоймадан алынған газ «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралдық газ құбыры арқылы жіберіліп, елдің оңтүстік өңірлерінің көгілдір отын қажеттілігін және отандық газдың Қытайға экспортталуын толық қамтамасыз етеді, — деді М.Шаңбатыров.

Ол қазан айында Қытайға алғашқы жеткізу жұмыстары басталғанын айтты.

— Биыл Қытайға 5 миллиард текше метр газ тасымалдауды жоспарлап отырмыз. Қазір газ экспорты негізінен оның сапасына байланысты. Сондықтан біз тауарды халықаралық стандартқа сәйкестендіруіміз керек. Бұл қондырғы өнім сапасын қажетті стандарттарға жеткізетін болады, — деді ол.

«Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ-ның инвестициялық жобасының жалпы құны — 11 миллиард теңге. Қазақстан сұйытылған сіңіргіш арқылы газды кептіру технологиясына алғаш рет қол жеткізді. Акционерлік қоғам өкілдерінің айтуынша, компания өндіріске озық идеяларды енгізу үшін заманауи озық жабдықтарды пайдаланған. Ол үшін «Сименс» компаниясының және Украина зауытынан қондырғылары пайдаланылған.

Айта кетейік, телекөпір барысында бүгін барлығы 25 жоба жүзеге асты. Олардың бірқатары «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асса, қалғандары Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының жемісі.