$ 498.34  519.72  4.85

Алматы облысының Көксу ауданында газ тарату стансасы іске қосылды

«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы аясында республика өңірлерін газдандыру жұмыстары жалғасуда. Аталған бағыт бойынша еліміздің оңтүстік облыстарында тұратын миллиондаған тұрғын соңғы екі жылдан бері көгілдір отынға қол жеткізіп келеді. Солардың басым бөлігі Алматы облысының халқы.

Жетісу өңірін газдандыру жұмыстары кезең-кезеңмен жүзеге асырылуда. Бүгінге дейін облыстың 718 мың тұрғыны өркениеттің осынау түріне қол жеткізіпті. Ал, 2030 жылға дейін жергілікті халық 100 пайыз көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі дейді жергілікті билік өкілдері.

Жалпы, Алматы облысында 741 елдімекен бар. Онда 2 миллионнан астам халық бар. 1,5 миллион адам тұратын 473 елдімекенге құбыр тартылып, газ жеткізілген. Енді «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қалған ауылдар көгілдір отынға қол жеткізбек.

Бүгінгі таңда Алматы облысы Көксу ауданына құбыр тартылып, елдімекендер рет-ретімен газға қосыла бастады. Күні кеше аудан аумағында «Балпық би» автоматтандырылған таз тарату стансасы жұмысын бастаған болатын. Аталған станса Балпық би ауылын көгілдір отынмен толықтай қамтамасыз етеді деп күтілуде.

Стансаның ресми ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов қатысып, ауыл тұрғындарын қуаныштарымен құттықтады.

Айдарбек Байжанов алдымен Жамбыл ауылына келіп, мұнда олар автоматты түрде газ тарататын станса жұмыстарына назар аударды. Бұл жерде жүйенің жаңа мүмкіндіктерімен және атқарылып жатқан жұмыстармен «ЖетісуОблГаз» ЖШС бас директоры Владимир Тохтасунов таныстырып, Көксу ауданын газдандыру ісі жайлы кеңінен әңгімеледі. Жалпы, бұл станса құрылысы 2016 жылдың соңында аяқталған. Оған жергілікті бюджет есебінен 753,97 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінген болатын. Құрылыс монтаж жұмыстары да өз мерзімінде бітіп отыр.

Бұдан соң Балпық би ауылында көгілдір отынның алғашқы алауы салтанатты түрде жағылды. Көпшілікті құттықтаған А. Байжанов:

– Құрметті жерлестер! Облысты көгілдір отынмен толық қамтамасыз ету жұмыстары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес және «Алматы облысы кешенді газдандыру аймақтық бағдарламасы» аясында іске асырылуда. Осы бағдарлама шеңберінде салтанатты түрде көгілдір отын алауын жағуға куә болып отырсыздар. Газ саласының мамандары көксулықтарға таза газ сыйлап, өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға мүмкіндік туғызуда. Газ жеке тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылытады. Сондай-ақ, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына да ықпал етеді, - деді Айдарбек Естебекұлы.

Аталған салаға жауапты мамандар мен ауыл ақсақалдары да ақ тілектерін арнады. Жиналғандар Балпық би ауылының тұрғыны Ербол Жапаровтың үйінде жағылған газға куә болды.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары