$ 498.34  519.72  4.85

«Нұрлы жол»: Маңғыстау облысындағы инфрақұрылымдық жобалар қалай жүзеге асып жатыр?

«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасының іске қосылғанына да үш жыл болды. Бағдарлама аясында бүгінге дейін республика аумағында мыңдаған шақырым жол жөнделіп, әуе темір жол және теңіз қатынасы да дамып келеді. Қазақстаннан шетелге ұшатын жаңа рейстер пайда болып, Астанада жаңа әуежай мен темір жол вокзалы салынды.

Бұдан бөлек, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Маңғыстау облысынан бастап Алматы облысына дейінгі аралыққа газ құбыры жүргізіліп келеді. Бүгінде бұл құбырдың игілігін Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындары көре бастаған. Аталған өңірлердің шалғай ауылдарына дейін көгілдір отын жетіп, халық көмір жағудан қол үзді.

Соңғы екі жылдан бері Алматы облысы да газбен қамтамасыз етіліп отыр.

Мұның бәрі атқарылып жатқан жұмыстардың бір тамшысы ғана. Мәселен, күні бүгін ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарына барып, «Нұрлы жол» бағдарламасының өңірде қалай жүзеге асып жатқанын көзбен көріп қайтты. Вице-премьер сондай-ақ, Қазақстан мен Ресей арасындағы аймақаралық ынтымақтастықтың XV форумына және Каспий маңы мемлекеттері басшыларының V саммитін өткізуге дайындық мәселелерімен танысты.

Бірінші вице-премьер ең алдымен ІІ категориялы «Бейнеу — Ақжігіт» автокөлік жолының құрылысымен танысты. Аталған трасса Бейнеу ауылынан басталып, Өзбекстан шекарасына дейін 85 шақырымға созылған. А. Мамин жолды өңірлік маңыздылығы бар инфрақұрылымдық нысан ретінде атап өтті.  

«Бұл маңызды жоба Ақтау мен Құрық порттары арқылы Орталық Азия елдерінен Кавказ, Түркия және Еуропаға транзиттік автокөлік ағынын қалыптастыруға ықпал етеді», — деп А. Мамин жолдың құрылысын сапалы жүргізіп, оны белгіленген уақытта тапсыруды міндет етті.

«Нұрлы жол» бағдарламасындағы ең маңызды нысандардың бірі — Құрық портындағы паром кешені. Қазіргі таңда нысанның екінші кезегі салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары аяқталса Қазақстанның теңіз арқылы жүк тасымалдау мүмкіндігі бірнеше есеге дейін артады. Құрылыс барысымен танысқан Асқар Мамин жұмыстардың кестеге сай жүргізіліп жатқанына көз жеткізді.

Премьер-министрдің бірінші орынбасарына Шығыс және Батыс молдарының құрылысы, «Кедендік ресімдеу аймағы» нысаны, порт дамуының екінші кезеңінің жағалаудағы гидротехникалық құрылымдары туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар, «Құрық — Құрық порты» автокөлік жолын қайта құру және паром кешенін пайдалануға беру бойынша жүргізіліп жатқан шаралар туралы хабардар етті.

Қазіргі таңда екінші кешен сынақ режимінде іске қосылған. Жоба жүзеге асырылғаннан бастап 476 кеме қатынасы жүргізілді, 2,11 млн тонна жүк тиелді, оның ішінде биыл 156 кеме қатынасы жүргізіліп, 634 мың тоннадан астам жүк тиелді.

2018 жылы Каспийдегі қазақстандық порт инфрақұрылымында жүкті тиеудің жиынтық көлемі 9 млн тоннадан астам мөлшерді құрайды. Осы жылдың бірінші тоқсанында 2,45 млн тоннадан астам жүк жөнелтілді, бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда (1,602 млн тонна) 52%-ке артық.

Сол күні бірінші Вице-Премьер аймақаралық ынтымақтастықтың XV форумына дайындық аясында Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды.

А. Мамин Петропавл қаласының халықаралық әуежайында әуежайдың тұрақ орындарын қалпына келтіру, «Әуежайға кіреберіс жол» автокөлік жолын күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты.

Сондай-ақ, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылып жатқан «Петропавл — РФ шекарасы» учаскесіндегі жол өтпесін қайта қалпына келтіру барысымен танысты.

Өңірде А. Мамин оқушылар сарайының, «Жас Өркен» жаңа ықшам ауданының, «Hilton» сауда-қонақ үй кешенінің, «Қызылжар» қонақ үйінің құрылысы барысымен танысты. Барлық нысандар 2018 жылдың қыркүйек айында пайдалануға беріледі.

А. Мамин Петропавлда Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастығының XV Форумына дайындық жұмыстарын жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізуді тапсырды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары