$ 498.34  519.72  4.85

Елімізде ТКШ инфрақұрылымын дамыту үшін Е-Шаңырақ жүйесі құрылды

«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттарының бірі – тұрғынүй коммуналды шаруашылығы саласына инновациялық жаңалықтар енгізе отырып, оны дамыту болып табылады. Әсіресе, жаңадан салынып жатқан тұрғынүйлер адам жанына қолайлы болып қана қоймай, мемлекетке артық шығын әкелмеуі тиіс.

Артық шығын дегенеде, жаңа үйлерде электр энергиясын, ауыз суды, жылуды үнемдейтін жүйелер болуы керек. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан GlobalChallengeSummit-2018 саммитінде де айтылды. Саммит аясында «Қалалық сапалы өмір рейтингі» тақырыбында сессия өтті. Оған ҚР ИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов қатысты.

Ол өз баяндамасында қазақстандықтардың өмір сүру жағдайларын жақсарту және тұрғындардың сапалы өмір сүрулерін қамтамасыз етудің маңызды шарты ретінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы шаралардың тиімділігін арттыру мәселелеріне тоқталды. Комитет төрағасының айтуынша, ғимараттардың сапасына, экологиясына және энергиялық тиімділігіне талаптар қойылады. Бұл ғимараттарды жобалауда және құрылысты жоспарлауда жаңа әдістерді, құрылыс тәсілдерін және осы заманғы материалдарды қолдану, сондай-ақ салынып жатқан және қолданыстағы үйлер мен инфрақұрылым нысандарын интеллектуалды басқару жүйелерімен жабдықтауға мүмкіндік береді.

Құрылыс саласындағы нормативтік-техникалық құжаттар әлемдік тәжірибеге сәйкес үнемі жетілдіріледі. Ол халық үшін баспананың қолайлылығын арттыруға және электр энергиясын, жылу мен суды тұтыну шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.

Тұрғын үй-коммуналдық саласындағы саясат сапалы коммуналдық қызмет көрсетуді, басқару жүйсінің тиімділігін арттыруды, энергиялық тиімді және ресурстарды үнемдейтін технологияларды қолдануды қамтамасыз етуге бағытталады.

«Биыл біз  Е-Шаңырақ электронды жүйесін құруға кірістік. Бірыңғай деректер базасы түрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының ашықтығын қамтамасыз етіп, тұрғын үй-коммуналдық саласының барлық субъекттерін қамтитын болады. Осы жүйенің арқасында тұрғындар интернет ресурс арқылы есеп-қисаптарын дұрыс есептегендігін тексеруге, үйлерінің шығыстары мен кірістерін бақылауға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының мәселелері бойынша өтініштер беруге мүмкіндік алады», - деді Мархабат Жайымбетов.

Өткен жылы «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы іске қосылды. Жылдың қорытындысы бойынша 11,2 млн. шаршы метр тұрғын үй іске қосылып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. Бұл 2016 жылдың деңгейінен 6,2%-ға артты. 100,8 мыңнан астам отбасы, оның ішінде 25,2 мың отбасы мемелекеттік қаржы есебінен тұрғын үй жағдайларын жақсартты.

«Қазақстандағы тұрғын үй құрылысы белсенді дамып келеді. Мақсатты тұрғын үй саясаты 26 жылда 1,2 млн. аса отбасын жаңа баспанамен қамтамасыз етіп, шамамен 129 млн. шаршы метр тұрғын үй салуға мүмкіндік берді»,-деп атап өтті М.Жайымбетов.

2017 жылы осы салаға салынған инвестиция 2016 жылымен (830 млрд. теңге) салыстырғанда 18 пайызға артып шамамен 980 млрд. теңгені құрады.

Мемлекет салған 1 теңге инвестицияға 5 теңге жеке инвестициялар тартылды. Бағдарламаның механизмдері жеке инвестицияларды тартуға, бизнесті қолдауға және халыққа қолжетімді баспана ұсынуға бағытталды.

Төлем қабылеті бар халықты қолдау және сатып алу сұранысын әрі қарай дамыту үшін  жаңа «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы енгізіліп жатыр. Қабылданған шаралар жаппай құрылысты ынталандыруға және халықтың баспанаға қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары