02.05.2018, 12:24

Ақылы жолдардың санын арттыру арқылы бюджет тиімділігін 380 млрд теңгеге дейін жеткізуге болады

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында елімізде соңғы үш жылда жүздеген шақырым жол жаңадан салынып, тағы осыншасы күрделі жөндеуден өтті. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, бүкіл өңірлерді Астанамен байланыстыратын автомобиль жолдарының жүйесі қалыптасатын болады. Аталған бағдарламаның мақсаттарының бірі де осы.

Ал, енді осы салынып жатқан және салынатын жолдарға миллиардтаған қаражаттың жұмсалып жатқаны белгілі. Өте үлкен шығын. Ал, бұл шығындарды кері қайтарудың негізі жолы - аталған трассаларды ақылы ету. Бұл тәжірибе Қазақстанда онсыз да бар. Енді жүйені жаңа жолдарға енгізу арқылы бюджет жыртығын жамау жұмыстарын жүргізу керек.

ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек бүгінгі Үкімет отырысында осы Зияткерлік көлік жүйесін енгізу жөніндегі жұмыстар туралы баяндады.

Халықаралық тәжірибе негізінде Зияткерлік көлік жүйесінің 8 базалық компоненті айқындалды (4 республикалық деңгейде және 4 өңірлік).

Биыл жалпы ұзақтығы 469 шақырым болатын Астана-Теміртау, Алматы-Қапшағай және Алматы-Қорғас учаскелерінде төлем жүйесін енгізу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, жалпы ұзақтығы 5 мың 500 шақырым болатын 13 учаскеде ақы алу жүйесін жобалау жұмыстары аяқталуда. Жалпы, 2020-шы жылға дейін 16 автожол учаскесіне ақы алу жүйесін енгізу жоспарланып отыр.

«Мобильді қосымшаны әзірлеу, жол жүру кезінде байланыссыз төлем алу үшін RFID белгілерді және де бейне камераларды, метеорологиялық өлшеу құралдарын, жүргізушілер үшін ақпараттық тақталарды орнату жұмыстары жүргізілуде», - деді министр.

Келесі бір компонент – жүріп келе жатқан көлік құралдарын өлшеуді және жол жүру рұқсатын электронды тіркеуді қамтамасыз ететін Автоматтандырылған арнайы өлшеу құралдары.

Биыл осындай 12 жүйені іске қосамыз және 2020 жылға дейін оның санын 46-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, ауыр салмақты, ірі көлемді және қауіпті жүк тасымалдар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін диспетчерлік және маршруттың сақталуына онлайн мониторинг жасау жүйелері әзірленуде.

Бұл жүйелерді енгізу жолдардың жағдайы туралы егжей-тегжейлі мәліметтер негізінде жолдарды жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарын атқаруға бөлінген шығындарды оңтайландыруға мүмкіндік береді.

2017 жылдың 1 қазанынан бастап жүйенің модульдерін кезең-кезеңімен іске қосып, министрліктің ақпараттық жүйелерімен интеграциялау жұмыстары жүгізілуде.

Сондай-ақ, осы жүйенің мүмкіндіктерін іске асыратын «Жол активтерінің сапасы орталығын» құру туралы Заңға тиісті өзгерістер енгізу жұмыстары жасалуда.

Министр өңірлік деңгейге қатысты 4 компонентті атады: Фото мен видео арқылы анықтау жүйесі, жолаушылар көлігіне мониторинг жасау және электронды билеттермен қамтамасыз ету жүйесі, Жол қозғалыстарын басқару жүйесі және автотұрақтарды басқару жүйесі.

Зияткерлік көлік жүйесін енгізу және саланы цифрландыру келесі көрсеткіштерге қол жеткізуге ықпал етеді:

 - Жолдағы көлік апаттары санын 8-10%-ға азайтады;

- Жолдағы жүру уақытын 20 %-ға қысқартады;

- Ақпаратқа қолжетімділікті 70%-ға көтереді;

- Зиянды шығындарды 24%-ға азайтады.

Министрдің айтуынша, аталмыш жобаларды енгізуде жалпы экономикалық тиімділік шамамен 380 млрд. теңгені құрайды.

Айта кетейік, 2025 жылға дейін: Жолдарды пайдаланудағы қаражаттарды жинау жүйесінен – жыл сайын 30 млрд. тг., (жалпы 2025 жылға – 210 млрд. тг.), Жүріп келе жатқан көлік құралдарын өлшеу жүйесінен – 44,7 млрд. тг., Жол активтерін басқару жүйесінен – 110 млрд. тг., E-freight жүйесінен – 15 млрд. тг жиналады деп жоспарланып отыр.