Кез келген мемлекеттің мықтылығы халқының физикалық әл-ауқаты мен әлеуметтік әлеуеті арқылы өлшенеді. Осы ретте денсаулық сақтау саласының алар орны айрықша. Оның ары қарай дамып, жаңғыра беруі дені сау ұлттың қалыптасуына әкеледі. Ал, денсаулығы мықты ұлт қана дамудың даңғыл жолына түсіп, құлашын кеңге жая бермек.
Елімізде денсаулық сақтау саласын жаңғырту мақсатында бірқатар маңызды шаралар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы. Осы жобаның аясында мемлекетіміздегі медицина саласы жақсарып, қызмет көрсету сапасы артатын болады. Аталған жоба Ақтау қаласындағы денсаулық сақтау мекемесінде қалай жүзеге асып жатқанын білу үшін Ақтау қалалық №2 емханасының директоры Бектібай Жаңабергенұлы Төлегеновпен, сондай-ақ, бас дәрігердің организациялық методикалық жұмысы бойынша орынбасары Ақыл Қойшыбайқызы Жакишева, директордың емдеу жұмысы жөніндегі орынбасары Айжан Ниятқызы Нурллина және кешенді медициналық ақпараттық жүйе (КМИС) бойынша программист Гүлмаржан Теміровамен сұхбаттасқан едік.
Жалпы алғанда аталған мекеме 100 мыңға жуық адамға қызмет етеді. Оның ішіндегі 30 мыңы балалар болса, 25 мыңдай ер адамдар бар. Ақтау қаласындағы 11-ші шағынауданнан бастап, 35-ші шағынаудан тұрғындарына сапалы қызметтерін ұсынуда.
Ақтау қалалық №2 емханасында цифрландыру қалай жүруде?
«Цифрландыру қалай жүргізіліп жатыр деген сұраққа келер болсақ, электронды денсаулық паспортына толықтай өттік десек болады. Бұл өз кезегінде қағазбастлықтан арылтуда. Бұрын науқастардың медициналық карточкасымен жүретін болса, бүгінде еш қағазсыз-ақ, емханаға келе береді. Сондай-ақ, облыста ең алғашқы болып, еңбекке жарамсыздық қағазын электронды форматқа ауыстырдық. Бұрын әр емделуші қолына алып, қол қойдырып жүретін болса, қазір шығар кезде ғана алып кететін мүмкіндікке ие болды. Яғни, бүгінде барлығы орталықтандырылған жүйеге көшті. Бұл өз кезегінде көптеген заң бұзушылықтардың алдын алатын болады. Сондай-ақ, арнайы өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары көрсетілген. Онда дәрігер қабылдауына қалай электрондық форматта жазылуға болатындығын, дәрігердің қашан қабылдай алатынын біле алады», - деді директор Бектібай Жаңабергенұлы.
Өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы қандай?
Осы жерде арнайы маман емханаға келген тұрғынға мобильді бағдарламаны қалай қолдану керектігі мен оның артықшылықтарын баяндайды.
Сондай-ақ, емхананың қабырғаларында осындай суреттер ілінген. Бұлар өз кезегінде науқастарға мобильді бағдарламаны қалай қолдануға болатындығы мен құрылымдарын көрсетеді.
Электронды денсаулық төлқұжатын қалай жасадыңыздар? Оған кеткен уақытты айта аласыз ба?
«Ол үшін тұрғындар туралы жалпы мәліметтерді қолға түсірдік. Жергілікті тұрғындар емханаға келген кезінде біртіндеп ақпараттарды жинап отырдық. 91 мың адамның электронды денсаулық паспорты жасалды. Мұны тіркеуді сәуір айында бастағанбыз, яғни 3 айға жуық уақыт кетті», - деді кешенді медициналық ақпараттық жүйе (КМИС) бойынша программист Гүлмаржан Темірова.
Қандай цифрлық технологияларды қолданады?
Аталған емханада 200-ге жуық компьютер мен кеңжолақты интернет, цифрлық мамограф бар. Мамографтың қызметі скрининг жасап, адам өміріне қауіпті дерт саналатын сүт безі рагының алдын алады. Ол арнайы қосымша арқылы жұмыс істейді. Бұрын түсірілген жазбаларды таспа арқылы көре алатын болса, ал қазір ол мониторда айқын көрініп тұрады екен. Ал, 2018 жылдың соңына дейін цифрлық флюорграфия мен цифрлық рентген аппараттарымен қамтылады деп жоспарлануда.
Алдымен пациетті цифрлық мамограф арқылы жазбаға түсіріп, кейін оны анықтайды. Ол тікелей мониторда көрініп тұрады.
Цифрландырудың денсаулық сақтау саласында алар орны қандай?
«Жаңа технологиялар уақытты үнемдеп, шығынды азайтуға көп мүмкіндік береді. Қаржылық тұрғыдан да тиімділігін көрсетіп, кезек күту мәселесін де шешуде. Қалай шешеді деген сұраққа келер болсақ, пациеттер күні бұрын мобильді бағдарлама арқылы жазылады. Бұған қоса, терминалдар арқылы электронды кезекке тұрады. Бұл өз кезегінде конфликтілер мен жанжалдардың алдын алуға септігін тигізеді. Ең бастысы – біз қызметкерлеріміздің жұмысын осы технологиялар арқылы бақылай аламыз. Ол бойынша емделуге келген кез келген науқас дәрігер еңбегін бағалай алады. Осылайша, қызмет көрсету сапасын арттыруға да септігін тигізіп жатыр», – деді директор.
«Цифрландыру денсаулық сақтау саласына оң өзгерістер әкеледі. Жаңа технологиялар тілін біртіндеп үйренетін боламыз. Осы ретте емханамыз арқылы 9000-ға жуық адам цифрлық сауаттылығын арттыру сабағынан өтті. Күніне 100-ге жуық адамға бұл жөнінде дәрістер өткізудеміз», - деді бас дәрігердің организациялық методикалық жұмысы бойынша орынбасары Ақыл Қойшыбайқызы.
Емхананың қала халқы үшін ақпараттық порталдары бар ма? Тұрғындармен қалай байланысқа шығасыздар?
«Мекемеміздің арнайы ақпараттық порталы жұмыс істейді. Емханадағы жаңалықтарды аптасына 2-3 рет салып отырамыз. Facebook әлеуметтік желісі арқылы түрлі хабарларымызды таратып, тұрғындармен тығыз байланыс жасаймыз», - деді Б. Төлегенов.
Цифрлық сауаттылықты арттыру жұмыстары қалай жүргізілуде?
Жалпы емханадағы барлық дәрігерлер мен қызметкерлердің цифрлық сауаттылығын жоғарылату мақсатында арнайы тренингтер мен оқыту жұмыстары жүргізілуде. Бұған қоса, орталыққа келген тұрғындар мен емделушілерге оқыту-түсіндіру жұмыстары жүргізіп, оларға электрондық порталды қалай қолдану керектігін, дәрігердің қабылдауына қалай жазылуға болатындығын, мобильді бағдарламаның қандай жұмыс істейтінін көрсетеді.
Тағы да айта кетерлігі, дәгігерлердің цифрлық тұрғыдан кәсібилігін арттыру үшін DamuMed сынды орталықтарға арнайы жіберіп отырады. Өз кезегінде ол маман осындағы мамандарға өз тәжірибесін айтып, цифрлық сауаттылық жөнінде семинарлар өткізеді. Қазіргі таңда Маңғыстау облысы бойынша 10 дәрігер Қарағанды қаласында оқытылыпты.
Қазіргі таңда аталған мекеме 9000 мыңға жуық адамға цифрлық оқыту жұмыстарын жүргізген. Ол ағымдағы жылдың мамыр-маусым аралығында өткізілді. Негізінен күніне 100-ден аса адамға цифрлық сауаттылықты жоғарылату үшін түсіндіру процедуралары жасалады. Ал, қазір жаз мезгілі болғандықтан күніне кем дегенде 50-60 адамды оқытуда.
Мобильді бағдарламада нелер қамтылған? Қандай қызмет түрлерін ұсынады?
Мобильді қосымшаның қызметтері көп түрлі. Мәселен:
қабылдауға жазылуға болады; өз тіркелулерін көре алады; дәрігерді үйге шақыру мүмкіндігіне ие; өз шақыруларын көре алады; еңбекке жарамсыздық парағын толтырады; рецептілері жазылулы тұрады; қауір-қатер батырмасын баса алады; зертхананың нәтижелерін көруге болады.«Ең қызығы – мобильді қосымша арқылы науқастың қай жерде екенін, қайдан шақырту түскенін біле аламыз. Егер ол жүкті әйел болып, өзіне қызмет көрсете алмай қалатын кездер де біз оның тұрған орнын дереу анықтап, көмекке аттанамыз. Сондай-ақ, бұндағы емделуші белгілі бір жағдайлармен өзге қалада емделетін болса, оның мобильді қосымшадағы төтенше қызмет туралы батырманы басуы арқылы біз оның қай қалада емделіп жатқанын біле аламыз. Осылайша бұл процедура автоматты түрде электрондық базаға жазыла береді. Мәселен, Сәлімгереева Қызылордаға кетіп, сонда босанатын болса немесе ауруханаға жатқызылса, біз оның мекен-жайы мен ем-домдары жөнінде осы бағдарламадан біле аламыз», - деді директордың емдеу жұмысы жөніндегі орынбасары Айжан Ниятқызы.
Осылайша бұл бағдарлама қағазбастылықтан арылтып, уақытты тиімді жұмсауға жәрдемдеседі. Ең бастысы – кез келген уақытта дәрігердің көмегін алуға болады. Яғни, рецептілер жазылып, бағыттамалар айқындалады. Шақыртулар қабыл алынып, тізімде қанша емделуші тұрғанын анықтай алады.
Цифрландыру бойынша алдағы уақытқа жоспарларыңыз қандай?
«Жалпы алғанда бұл бойынша 64 жоба болса, біз оның 30-на көштік. Ал қалған бөліктерге біртіндеп жететін боламыз. Алдағы уақытта цифрландыру процесі бойынша жұмысымызды күшейте береміз», - дейді емхана директоры.
Цифрландыру денсаулық сақтау саласына қалай әсер етуде?
«Жаппай компьютерлендіру дәрігер жұмысын жеңілдетіп жатыр. Мәселен, лабараториялық қызметке айтарлықтай пайдасы тиюде. Ондағы дәрігер қай уақытта қандай пациенттің келетінін алдын ала біліп отырады. Сондай-ақ, дәрігер мен пациенттің жұмысын жеңілдетуге айтарлықтай пайдасын тигізіп жатыр», – деді Ақтау қалалық №2 емханасының директоры.
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы жақсы бастама. Ол өз кезегінде емделушілерге жайлылық сыйлайтын болады. Халық біртіндеп үйренуде. Ең бастысы – адамдар себепсіз келуді тоқтатады. Неге десеңіз осыған дейін жалғызбасты адамдар қарым-қатынас орнату үшін емханаға себепсіз келетін. Ал, енді барлығы бағыттама бойынша келіп, тек емделуге келмек. Бүгінгі біздің ата-әжелеріміздің көзі ашық, олар цифрлық технологияларға үйренетін болады», - деді Айжан Ниятқызы.
Осылайша цифрландыру еліміздің медицина саласының дамуына жаңа серпін береді. Біріншіден, дәрігер мен пациенттің өмірін жеңілдетеді. Екіншіден, цифрлық технологиялар уақытты ұтымды пайдалануға жағдай жасайды. Үшіншіден, шығын көлемін азайтып, экономикалық тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Төртіншіден, түрлі скринингтер аурудың алдын алуға, уақтылы анықтауға мүмкіндік береді. Осылайша денсаулық сақтау саласындағы түрлі түйткілді мәселелер өз шешімін тауып, тұрғындарға сапалы әрі жайлы қызмет көрсетілмек.