Облыстардағы инфрақұрылым нысандарын жаңғырту – «Нұрлы жол» бағдарламасында көрсетілген негізгі міндет екені белгілі. 2014 жылы іске қосылған осынау маңызды құжат аясында жол салу жұмыстарымен бірге халықты сапалы ТКШ нысандарымен қамту мәселесі де қаралған. Яғни, елдіимекендерді көгілдір отынмен, таза ауыз сумен, электр жарығымен қамтамасыз етуді Елбасы Үкіметке қатаң тапсырып, «Нұрлы жолдың» жүзеге асуына жүздеген миллиард қаражат бөлді.
Бағдарлама іске қосылғалы бері оның шарапатын көрген қазақстандықтар саны аз емес. Әсіресе Қызылорда облысы мен қаласының тұрғындары инфрақұрылым нысандарымен қамтамасыз етіліп, өркениетке қол жеткізіп отыр. Мәселен, облыста бұрын-соңды болмаған газ құбыры тартылып, аймақтың шалғай ауылдарына дейін көгілдір отын жеткізілді. Бұрын қысы бойы көмір жағып келген тұрғындар енді тек газды пайдаланып отыр. Сондай-ақ, Қызылорда қаласында бұған дейін орталықтандырылған жылы су құбыры болмаған. Ол да осы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында тартылып, қала тұрғындарын былтыр үлкен қуанышқа бөлеген еді.
Жылы су былай тұрсын, Қызылорда қаласындағы қарапайым ауыз су құбырлары да әбден тозып кеткен болатын. Құбырлардың көбі салынған уақыттан бері ауыстырылмаған екен. Енді осы «Нұрлы жол» бағдарламасы жарияланған 5 жыл ішінде қаладағы су құбырларының 75 пайызы жаңартылды. Санаулы уақытта бұл көрсеткіш 100 пайызды құрауы тиіс.
Соңғы 5 жылда қаланың ауыз су инфрақұрылымын дамытуға 16 млрд. теңгеге жуық қаржы тартылып, 544 шақырым су құбырлары жаңартылған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қала әкімінің орынбасары Берік Сәрменбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша шаһардың ауыз су және кәріз су жүйелерін қайта жаңғыртуға «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Республикалық бюджеттен 1 млрд. 584 млн 151 мың теңге қаржы бөлініп, 13 жоба бойынша 17,03 шақырым ауыз су және кәріз су құбырларын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
- Қаламызда жылу желілерін жаңарту жұмыстары да қарқынды. Соңғы 5 жылда қаладағы магистральды жылу желілерін жаңартуға 8 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалды. Биыл жылу жүйелері мен қазандықтарды ағымдағы, күрделі жөндеуден өткізуге «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Республикалық бюджеттен 2 млрд. 210 млн 450 мың теңге қаржы бөлініп, 8 жоба бойынша 7,433 шақырым жылу құбырларына жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр, - дейді қала әкімінің орынбасары.
Сонымен қатар, баспасөз мәслихатында Берік Сәрменбаев қаладағы жол құрылысын дамыту барысындағы атқарылған жұмыстарды да тарқатып айтып берді. Оның айтуынша соңғы 5 жылда Қызылорда қаласында жол құрылысын дамытуға 23 млрд. теңгеден астам қаржы тартылып, 500 шақырымға жуық жолдарымыз орташа, күрделі жөндеуден және қайта жаңғыртудан өткен.
- Биылғы жылы осы жұмыстарды жалғастыру бағытында, жол жөндеу жұмыстарына Республикалық, облыстық бюджеттен 1 млрд. 110 млн 219 мың теңге қаржы қаралып, 22 жоба бойынша 39,723 шақырым жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде, - дейді Берік Сәрменбаев.
Дегенмен, қала халқының саны жыл сайын жоғары қарқынмен өсіп, тиісінше жаңа тұрғын аудандар мен жаңа көшелер пайда болуда. Сондықтан да жыл сайын қала тұрғындарының сұранысына сәйкес жол сапасын жақсарту, жаңа жол құрылыстарын жүргізу бағытында үлкен жұмыстар атқарылып жатыр.