13.08.2018, 17:04

Зерендіде белсенді жастар Қазақстанның даму трендерін талқылады

Бүгін Ақмола облысында 300-ден астам жастың басын қосқан Zeren атты республикалық білім лагерінде Қазақстанның қазіргі заманғы даму трендтері талқыланды деп жазады Baq.kz.

Іс-шараны Ақпарат және байланыс, Қоғамдық даму министрліктері мен бірлесе "Зерде" холдингі ұйымдастырған. Оған "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ұйымдастырылған "100 жаңа есім" жобасының жеңімпаздары Мәулен Бектұрғанов, Диас Тастанбеков, Серік Есматов, Нұржан Жолдыбалинов лагерге спикер ретінде шақырылды.

Ең алдымен "Ашық сана мектебінде" қатысушыларға "Жастар" ғылыми-зерттеу орталығының директоры Талғат Қалиев тренинг өткізді.

"Прагматизм деген не? Мына кітапты оқу керек пе, әлде керек емес пе? Қосымша білім алу қажет пе, болмаса оған уақыт жұмсап керек емес пе? Жаңа айфон алу қажет пе, әлде оны басқа өнімді нәрсеге жұмсау керек пе? Яғни әрбір шешіміңізді жеке сыни талдауыңыз арқылы қабылдауыңыз қажет", - деді ол жастарға.

Сондай-ақ форум аясында жас қазақстандықтардың алдында "Зерде" холдингінің өкілдері соңғы технологиялар туралы айтып берді.

"Мен "Астана-Хабтың" алғашқы кезеңінде өтіп жатқан акселерацияда стартап трекерімін. Қатысушыларға акселерациядан өту кезінде бағыт-бағдар беріп, өз мақсаттарына кең ауқымда жетуге және өнімдерін дамытуға көмектесемін. Бүгін Digital ұрпақ атты жастар білім лагеріне келіп отырмын. Саясатта, спортта, ғылым мен білімде, мәдениетте, яғни өз саласындағы жас көшбасшыларын жинаған лагерден қатысушылар Қазақстанның қалай дамып жатқаны және даму келешегі қайда бара жатқаны туралы негізгі ақпараттарды алады деп ойлаймын", - деді "CRM Expert" компаниясының басшысы, "Астана-Хаб" халықаралық технопаркінің трекері Асқар Тутуков.

Оның айтуынша, лагерь қатысушылары "Зерде" холдингімен бірлесе жүзеге асырылып отырған "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын негізге ала отырып Қазақстандағы заманауи даму трендтері туралы мәлімет алатын болады.

Еске сала кетсек, 12 тамыз күні Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев, Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин, Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Нұргүл Мауберлинова, Qazcontent АҚ басшысы Евгений Кочетов Zeren білім лагерінің ашылуына қатысты.

Айта кетсек, республикалық лагерь 12-16 тамызда Digital-ұрпақ, 17-21 тамызда "Жаңғыру трендтері", ал 22-26 тамызда "Бизнес сиқыры" атты үш ауысымда өтеді.