$ 498.34  519.72  4.85

Алматы облысында «Нұр жолы» автокөлік өткізу пункті ашылды

«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы аясында тағы бір нысан пайда болды. Бұл жолы Алматы облысы Панфилов ауданында жаңа автокөлік өткізу бекеті мен заманауи көлік-логистикалық орталығы бой көтерді. Есте болса, 2015 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасын жариялаған кезде Мемлекет басшысы көлік-логистикалық орталықтарды көптеп салуды тапсырған болатын.

Жаңа бекет «Нұр жолы» деп аталады. Ол Қытаймен шекарада орналасқан. Бұл жер арқылы жүк және жеңіл автокөліктер, сол сияқты жолаушылар автобусы екі ел арасында қатынайтын болады. Ал, жаңа логистикалық орталық Қытаймен сауда жасасатны кәсіпкерлер үшін таптырмас қойма көзіне айналып отыр.

Нысандардың ашылу рәсімі салтанатты түрде өтті. Оған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің орынбасары Қанат Баедилов, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс комитетінің төрағасы Ардақ Теңгебаев және басқа да мемлекеттік және жеке құрылымдардың өкілдері қатысты.

Жобаны ҚР Қаржы министрлігі мен ҚР Инвестиция және даму министрлігі «Евротранзит Терминал» ЖШС-мен бірлесіп мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде жүзеге асырғанын айта кету керек. Оған 70 млрд. теңгеге жуық инвестиция салыныпты. 2500 автокөлікке дейін өткізуге қабілетті, алаңы – 25 гектарды құрайды.

«Бүгін біз үшін тарихи сәт. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» іргелі жобасының аяқталуы ретінде «Нұр жолы» жүк-жолаушылар өткізу пункті ашылып отыр. Бұл бағдарлама ҚХР-ның «Бір белдеу, бір жол» жобасымен тоғысып, Ұлы Жібек жолының жаңа заманға сай жаңғыруына ықпал етуде. Бүгінгі ашылып отырған өткізу пункті ең жоғарғы әлемдік стандарттарға сай, екі жаққа күніне 2500 көлікке дейін өткізуге қауқарлы. Бұл өз кезегінде транзиттік лекті еселеп ұлғайтуға мүмкіндік береді. Осындай өткізу пункті бар ірі сауда дәлізінің іске қосылуы өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін одан әрі арттырып, облыс экономикасының дамуына жаңа серпін береді», - деді өткізу пунктінің ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімі Амандық Баталов.

Мұнан соң ҚХР ШҰАР үкіметінің төрағасы Закир Шохрат сөз алып, бұл жобаның екі ел экономикасын дамытуға зор ықпал ететінін атап өтті.

Келесі кезекте Қазақстанның Қаржы министрінің орынбасары Қанат Баедилов жаңа өткізу пункті «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің бас қақпасы болатынын айтып, «Нұр жолы» ең озық техникамен қамтамасыз етілгенін тілге тиек етті.

Бұдан кейін жүк көліктерінің легі символдық түрде жүріп өтіп, «Нұр жолы» өткізу пункті жұмысының басталғанын айқындап берді. Енді осы жаңа пункт арқылы мемлекетаралық тауар айналымы еселеп өсіп, Қазақстанның транзиттік әлеуеті арта түсетін болады.

Атап өтсек, жаңа өткізу пунктінің тәуліктік өткізу қабілетін 5000 көлік құралына дейін ұлғайтуға мүмкіндігі бар. Өткізу пунктінің аумағы екі бөлікке – жүк және жолаушы аумағына бөлінген. «Нұр жолы» өзінің техникалық жабдықталуы, көлік құралдарын өткізу жылдамдығы, енгізілген біріктірілген бақылау жүйесі жағынан әлемде теңдесі жоқ саналады. Сөйтіп орнатылған заманауи құралдар адами факторларды төмендете отырып, жүк көліктерінің өту уақытын 40 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

Естеріңізге салайық, «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы 2015 жылы іске қосылған болатын. Жоба бірнеше бағыт бойынша жүзеге асуы тиіс. Ал, барша бағыттың мақсаты бір – Қазақстан облыстарын Астанамен сапалы автокөлік жолы арқылы жалғау, өңірлерде инфрақұрылымды дамытып, қазақстандықтар арасында жұмыссыздық көрсеткішін төмендету.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары