ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Үкімет отырысы барысында тұрғын үй құрылысына бөлінген қаржыны игеру қажеттігіне назар аударды.
«Біз 2016 жылы тұрғын үй, мектептер мен ауруханалар құрылысына бөлінген қаржының толықтай игерілуін қамтамасыз етуіміз қажет. Жылдың соңына дейін небәрі үш ай уақыт қалды. Ал, тұрғын үй құрылысына бөлінген қаржыны игеру қарқыны көңіл көншітпейді. Сонымен бірге, қаржының қысқа уақытта игерілуі құрылыс сапасының төмендеуіне алып келмеуі тиіс», - деді Б.Сағынтаев.
Премьер-Министр ағымдағы жылы әкімдер бағалы қағаздарды шығару есебінен тұрғын үйлерді сатудан түскен қаражатты қосымша қаржыландырусыз қайтадан жаңа құрылыстарға бөлу құқығына ие болғанын атап өтті. Алайда, қазіргі таңда «Бәйтерек» холдингі жергілікті атқарушы органдардан 38 млрд. теңгеге сатып алған бағалы қағаздардан өңірлер 6,2 млрд. теңгені ғана игерген.
Ол орталық мемлекеттік органдар тарапынан тиісті нормативтік- құқықтық актілерді дайындау жұмыстарының ішінара кешігуі бөлінген қаржының игерілмей қалғанына себеп бола алмайтынын атап көрсетті. Өйткені әкімдер тарапынан өтінімдер келіп түскенімен, кейбір өңірлерде дайындық жұмыстары жүргізілмеген.
«Басқа өңірлер жұмысты бастап үлгерді. Мен Үкімет пен өңірлерге ағымдағы жағдайды бірлесе сараптап, игерілмеген қаржыны қазір дайындалып жатқан «Нұрлы жер» бағдарламасына бөлуді ұсынамын»,-деді Б.Сағынтаев.