24.09.2016, 09:48

ОҚО-да «Өзбек этносының тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күні» іс-шарасы өтті

Бүгін Шымкент қаласындағы Абай саябағында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Өзбек этносының тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күні» және «Алтын күз» мерекелік іс-шарасы ұйымдастырылды.

Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков, Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ерік Өтембаев сөз сөйлеп, қоғамдық келісім мен елдің бірлігі мемлекетіміздің басты байлығы екендігін атап өтті.

Мерекелік жиында ел бірлігін нығайтуға, мәдениетаралық диалогты және қазақстандық патриотизмді дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азаматтарға Елбасының қолы қойылған «Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалі» қоғамдық наградасы табыс етілді. Сонымен қатар, ынтымақтың ұйытқысы болып жүрген азаматтар Қазақстан халқы Ассамблеясының және облыс әкімі орынбасарының алғыс хаттарымен марапатталды.

Елдегі тұрақтылықты, қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту мақсатында өткен шараға Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығының өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, облыстық этномәдени бірлестіктер төрағалары, өзбек этномәдени бірлестігінің аудан, қалалардағы филиалы басшылары мен өкілдері, өзбек халқының зиялы қауым өкілдері қатысты.

Айта кетейік, биыл ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Оңтүстік Қазақстан облысындағы ҚХА өкілдері бірқатар мәдени және әлеуметтік іс-шараларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Ұлттық-мәдени концерттерді айтпағанда, диаспора өкілдері ардагерлерге көмектесіп, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қол ұшын созатын болады.