29.09.2016, 06:24

Патриоттық актідегі жеті тұғыр – Ассамблеяның басты бағдары

ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық ассамблея хатшылығының меңгерушісі М.Қалмұратов «Мәңгілік Ел» патриоттық актісіндегі жеті тұғыр ассамблея қызметінің басты бағдары ретінде атқарылатын іс-шаралардың өзегі болып айқындалғанын айтты.

Облыстық ассамблея жанынан құрылған ақпараттық-насихаттық топтың тұрғындармен түрлі форматта кездесулер ұйымдастырғанын жеткізген хатшылық меңгерушісі ел бірлігін бекемдеу, Ұлт жоспары пен «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін дәріптеу мақсатында 189 іс-шара ұйымдастырылып, оған 215 мыңнан астам тұрғынның қамтылғанын хабарлады.

Брифинг барысында облыстық ассамблея хатшылығының меңгерушісі өңірдегі этносаралық ахуалға тоқсан сайын зерттеулер жүргізіліп, сараптама жасалатынын, сауалнама нәтижесі бойынша респонденттердің 97,7 пайызы өздерін біртұтас Қазақстан халқының өкілі екендігін мақтан тұтатындығын айтып, бұл осы саладағы жүйелі жұмыстың мақсатты түрде нәтижелі іске асып келе жатқанын аңғартады деді.

Сондай-ақ, облыстағы этномәдени бірлестіктердің ұйытқы болуымен тұрмысы төмен және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 260 балаға 2,6 миллион  теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетілген. М.Қалмұратов брифинг барысында Қоғамдық келісім кеңестері мен Аналар кеңестерінің татулықты сақтау және ұрпақ тәрбиесі бағытында атқарған ауқымды жұмыстарын баяндады.

Айта кетейік, биыл ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Оңтүстік Қазақстан облысындағы ҚХА өкілдері бірқатар мәдени және әлеуметтік іс-шараларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Ұлттық-мәдени концерттерді айтпағанда, диаспора өкілдері ардагерлерге көмектесіп, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қол ұшын созатын болады.