$ 448.15  483.46  4.86

ОҚО прокуратурасы кәсіпкерлікке келтірілген кедергілерге қатысты мәжіліс өткізді

Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасында 2014 жылдан берi облыс аумағында кәсiпкерлiктi дамыту үшiн мемлекеттiк қолдау шараларын iске асыру барысында заңдылықтың сақталу жағдайына жүргiзiлген талдау нәтижесi бойынша алқа мәжiлiсi болып өттi. Облыс прокуроры И.Иманов төрағалық еткен мәжiлiске облыс әкiмiнiң орынбасары С.Тұяқбаев, ОҚО бойынша мемлекеттiк кiрiстер департаментiнiң басшысы А.Үмбетәлиев, «Нұр Отан» партиясы ОҚОФ төрағасының орынбасары Қ.Жантөреева және бiрқатар құзырлы мекеме басшылары қатысты.

Облыстық прокуратураның сараптама-талдау жүргiзуi барысында соңғы екi жарым жылда облысымызда кәсiпкерлiктi қолдау мақсатында барлық қаржыландыру көздерiнен 16 885 жобаны iске асыруға жалпы 143,3 млрд. теңге бөлiнгенi белгiлi болған. Шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытуға ыңғайлы жағдай жасау мақсатында өңiрiмiзде 11 индустриалды аймақ құрылған. Алайда, жасалып жатқан осыншалықты мемлекеттiк қолдауларға қарамастан бизнес белсендiлiгi төмендептi. «Бұл кемшiлiктер мемлекет тарапынан ақпараттық көмектiң мардымсыздығы, жүйелi әкiмшiлiк кедергiлер, кредит ресурстарының қымбаттылығы мен мемлекет қолдауының жеткiлiксiздiгiнен орын алуда» деп атап өттi облыс прокуроры.

Сонымен бiрге, кәсiпкерлiк мектептерi арқылы мемлекет есебiнен бiлiм алғандардың 10 пайызы ғана өз бизнесiн ашқан. Атап айтқанда, соңғы екi жылда 8181 жеке тұлға тегiн оқытылғанымен, олардың 7 381-i алған бiлiмдерiн тәжiрбиеде пайдаланбапты. Ал, 6709 кәсiпкер өз жұмысын тоқтатқан. Оған әртүрлi жағдайлар себеп болады. Мәселен, жекелеген мемлекеттiк кеңселер кәсiпкерге тиесiлi қолдауды көрсету кезiнде олардың жұмысының жандануына түрлi кедергiлер жасайды. Соның бiрi — пара алу. Мысалы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлiм басшысы А.Әлжанов мал шаруашылығын дамытқан «А-Тұрар» шаруа қожалығына тиесiлi 2 млн. теңге субсидияны беру үшiн одан аталған қаржының 10 пайызын сұрайды. Осылайша бөлiм басшысы 200 мың теңге пара алғаны үшiн сотты болған. Бұдан бөлек, Түлкiбас, Қазығұрт және Сайрам аудандарында индустриалды аймақтардың құрылысына бөлiнген қаржының 60 миллион теңгеден астамын мемлекеттiк органдар мен мердiгер мекеме өкiлдерi, қала бердi техникалық қадағалаушылар да жымқырған.

— Кейбiр кеңсе қызметкерлерi алдына келген адамға «ана қағазың дұрыс емес, мына анықтаманы әкел» деп күн сайын алдап жұмсап отыра бередi. Мұның төркiнiн кез келген адам түсiне қояды да, қалтасын қомпитпаса тiрлiк бiтпейтiнiн бiледi. Мейрамханаға барсаңыз, даяшы қалай қызмет көрсетедi, таксиге мiнсеңiз ше, қалаған әуенiңiздi тыңдап баруыңызға мүмкiндiк жасайды. Халық қызметшiлерi де халыққа солай қызмет көрсетуi керек, — дедi облыс прокуроры Ибраһим Әлжанұлы.

Алқа мәжiлiсiнде, сондай-ақ, Елбасымыздың бастамасымен кәсiпкерлiктi дамыту үшiн мiндеттерi барынша ашық заңнамалық негiз құрылып жатқаны, экономиканы бюрократиясыздандыру және әкiмшiлiк кедергiлердi жою мәселелерi туралы айтылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары