$ 449.58  486.94  4.86

Ордабасылықтар «Алтын күз» мерекесін атап өтті

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданында «Алтын күз» мерекесі салтанатты түрде аталып өтті. Мерекеде ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі мен  шаруашылық техникасы және асыл тұқымды мал көрмесін ұйымдастырды. Шараға қатысқан аудан әкімі А.Мамытбеков барша ауыл шаруашылық саласының мамандарын мерекемен құттықтап, өз еңбектерімен жоғары көрсеткіштерге ие болған аудан еңбеккерлерін марапаттады.

Жері шұрайлы, азаматтары еңбексүйгіш, ынтымағы мен бірлігі жарасқан Ордабасы өңірі Тәуелсіздігіміздің 25 жылында тұрақты даму жолына түсіп, еліміздің ілгері басуына өзіндік үлесін қосып келеді. 

1995 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша барлық ауылшаруашылық құрылымының саны 8275-ті құраса, оның 158-і яғни 1,9 пайызы ғана осы аумақтан болатын. 21 жылда бұл көрсеткіш облыста 72 417-ге жетсе, бүгінде ордабасылықтардың үлесі 5505-ке тұрақтады. 

Бұл жалпы облыстағы ауылшаруашылық құрылымның 7,6 пайызын құрайды. Жалпы, Ордабасы ауданы биылғы жылды да ауыл шаруашылық өнімдері бойынша жақсы көрсеткіштермен аяқтады деуге негіз бар.

Атап айтсақ: «Сыбаға» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша облыс көрсеткіші 20 173 ірі қара малды құраса, оның 5,2 пайыздық үлесі Ордабасыға тиесілі, ал «Алтын Асық» бағдарламасымен 2903 уақ мал алынды. Бұл облыстық көрсеткіштің 9,2 пайызы. «Құлан» бағдарламасымен алынған 741 асыл тұқымды жылқының облыстағы үлесі 16,5 пайызды құрады.

Сондай-ақ, осы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 357 гектарға артып, 54 357 гектарды құрады. Өткен жылмен салыстырғанда мақтаның егістігі – 62 пайызға, бидайдың егістігі – 32 пайызға, картоптың – 3,7 пайызға ұлғайды. Ауданда биыл 30 259 тонна бидай, 15 028 тонна мақта, 68 650 тонна көкөніс, 43 500 тонна бақша өнімдері жиналды.

Ауылдардың ерекшелігі ескеріліп, өнімділікті арттыру бойынша атқарылған жұмыстың нәтижесінде 5 ауылшаруашылық өндірістік кооператив құрылды. Ендігі кезекте, ауылдық округтерде МТС ашу  жоспарлануда. Биыл ауданда 500 гектар жаңадан жеміс баулары егілсе, оның ішінде, қарқынды бау жобасы 97 гектарға іске асырылды.  Ал Төрткөл, Бөген, Жеңіс және Қарақұм ауыл округтерінде мақта егісін 9000 гектарға жеткізу жоспарланып отыр. 

Осы орайда, суармалы жерлердің жағдайын жақсарту және жаңадан суармалы жерлерді айналымға қосу үшін тағы 187 тік дренажды іске қосуға жұмыс жасалмақ. Биыл аудан бойынша жылыжайлардың көлемі 7,18 гектарға ұлғайғаны да – үлкен жетістік.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары