$ 442.85  480.32  4.94

Тәуелсіздіктің тәтті жемісі

Қазақ – тәубешіл халық. Ертеректе үлкен аталарымыз «Алла, осы көрсеткеніңе шүкір» деп отыратын. Жастық шақтары қалай өткенін анық біле бермейміз ғой, Құдайға шүкіршілік айтып отырған кезінің өзі бүгінгідей ақ түйенің қарны жарылған, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман емес еді. Ел әлі де қоңторғайлау тұратын. Ауылдарда машинаның мықтысы «Москвич», ал «Жигули» дегеніңіз ілуде біреу. Қоржын тамдарында жасаулы жиһаз да жоқ. Тапқаны тамағынан көп артыла бермейді. Кейінірек, «апыр-ау, аталарымыз неткен қанағатшыл болған» деп ойладық.

Ел еңсесін көтерген

Ат жалын тартып мінгеннен кейін ой мен қырға көз жіберсек, киіз туылдырықты алаш баласының көрмегені жоқ екен ғой. Патшалық Ресейдің соңғы жылдары мен Қызыл империяның күш алған жылдарында Орталық Азияда халқының саны жағынан ең көбі қазақтар болыпты. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов айтқандай, «Әлхамдулла, біз қазақ алты миллион болдық» деп шүкіршілік әрі мақтаныш қылған 1916 жылдан бері өскенімізде, демограф Мақаш Тәтімов есептегендей, бүгінде 40-45 млн халық болып отырады екенбіз.

Қазақты патшалық Ресей де аяған жоқ. Қызыл террор кезінде, Кеңес өкіметінің аумалы-төкпелі аласапыран заманында қынадай қырылып қалдық... Бүгінгі күніміз тәуелсіздіктің арқасы. Өкініштісі, бізде әлі күнге дейін ел, жер қорғап ат үстінен түспеген ата-бабаларымыз армандап өткен тәуелсіздіктің қадірін түсінбейтіндердің бары қынжылтады. Олар үшін бәрі оңай сияқты.

Бүгінде Қазақстан өз алдына жеке мемлекет болып жайқалып өсіп, тұғыры бекем, мақсаты айқын, келешегі кемел ел болса, біз ең алдымен осы Тәуелсіздік қазығын қаққан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы

Назарбаевтың қадір-қасиетіне жете білуіміз керек. Өйткені, Қазақстанның бүгінгі жетістіктерінің бәрі Елбасының сарабдал саясатының арқасы екендігін көзіқарақты жандар біледі. Осы орайда, Алаш баласы алаңсыз болу үшін төрт құбыламызды түгендеп, басқа мемлекеттермен шектесетін шекараларымызды шегендеп берді. Тәуелсіздік алған жылдары жергілікті халықтың үлес салмағы 40 пайызға да жетпейтін қазақтың шекарасын шегендеу Елбасыға оңай түскен жоқ. Біз мұны белгілі қоғам қайраткері, Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахмановтың Елбасымен тікелей сұхбатына құрылған «Өмір өткелдері» кітабын оқығанда тағы да анығырақ түсіндік.

Өңірдің өркендеуі – елдің өрге басуы

Дипломатия – айла ғана емес, мықты байлам, орынды ұсынысты екі жақтың да жүйкесіне салмақ түсірмей, тиімді шешудің сара жолы. Қазақстан Президенті осындай күрделі мәселелерден өзінің тапқырлығы арқылы жол тауып, қазақ жерін бөлшектеуден аман сақтап қалды.

Осыны жас ұрпақ түсініп, елін, жерін қадірлесін деген мақсатта қайта еске түсіріп отырмыз. Өйткені, Тәуелсіздіктің жолы жеңіл болмағанын жас ұрпағымыз оншалықты біле бермейді. Білмеген жерде қадіріне жетпеу басталады. Ал Тәуелсіздіктің тәтті жемісі туралы айтар болсақ, әрине, ұзаққа кетеміз. Ең бастысы, көрші елдеріміздің ұл-қыздары жұмыс іздеп шетке кеткенде, бірде-бір қазақ баласы ешкімге тәуелді болған жоқ. Ормандай Отанында абыроймен отырды. Тәуелсіздіктің жетістіктерін әр аймақтың дамуынан, қол жеткізген жетістіктерінен көруге болады.

Мысалы, халқының саны жағынан республикада алдыңғы орын алатын Оңтүстік Қазақстан облысында екі-үш қана емес, төрт ауысымды мектептердің көп болғандығы бүгінде ертегі сияқты. Кезінде балшықтан салған апатты мектептер де көп болатын. Мемлекет басшысының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы осы жағдайды түбегейлі шешуге мүмкіндік туғызды. Жыл сайын 20-25 жаңа мектеп пайдалануға беріліп келеді.

Облыстың тек биылғы жылғы ғана әлеуметтік жетістіктеріне келсек, көңіл тоғайтатындай жұмыстар бар. Әлеуметтік салаға айрықша көңіл бөлінуде. Ағымдағы жылы 10 денсаулық сақтау нысанының құрылысы, 8 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облысымызда әлемдік медицинадағы озық технологиялар пайдаланылуда. Балалар қан тамыры хирургиясын дамыту қолға алынды. Медициналық қызметтің сапасын жақсарту мақсатында қызметкерлердің біліктілігін арттыруға көңіл бөлініп отыр. Есепті кезеңде нәрестелер өлім-жітімі 13 пайызға, қан айналымы аурулары 15 пайызға, туберкулез 24 пайызға, онко-патология 2 пайызға төмендеді.

Қазақтың сан ғасырлық арманы

Білім беру саласында ағымдағы жылы 37 мектепке дейінгі ұйымдар ашылып, жалпы саны 1561-ге артты. Бүгінгі таңда 42 мектеп, 6 балабақша іске қосылып, нәтижесінде 11 апатты жағдайдағы, 9 үш ауысымды мектептердің құрылысы аяқталды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жартыжылдықта 33 383 азамат әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылды. «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы аясында 790 мың шаршы метрлік 151 үй пайдалануға беріледі. Облыста республикамыздың экономикалық қуатын еселейтін, шикізатқа тәуелділіктен құтқаратын индустриялық аймақтар табысты жұмыс атқарып жатыр. Биыл ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 123 млрд теңгеге жетуінде мемлекеттік қолдаудың бары айқын байқалады. Қазірдің өзінде 4 мыңдай ұсақ шаруа қожалығы 47 кооперативке бірікті. Аудан, қалаларда МТС-тер ашылып, қуатты техникалар шаруаларға қызмет ете бастады. Бұлар – бір облыста болып жатқан жағдайдың көрінісі. Білсеңіз, терең ұғынсаңыз, Тәуелсіздіктің тәтті жемісін жеу деген осы, ағайын!

«Тарих – біздің халқымыздың сақ пен түркінің, қазақ хандығының дәуірінде, Ұлы Отан соғысы кезінде көрініс тапқан ұлы күресінің куәсі. Бұл біздің өткеніміз және тағдырымыз. Бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздікке біздің ұрпақ қол жеткізді. Сондықтан да бұл күн тұтас ұрпақтардың орындалған арманын білдіретін қуанышты әрі маңызды мереке. Өйткені, тәуелсіздік пен теңдік, егемендік пен мемлекеттілік кез келген халық үшін аса құнды ұғымдар. Біз осы тағдырды қабыл алып, бірлік пен еңбек арқылы тарихи жолымызбен шығынсыз жүріп келеміз. Еліміз егемендігін нығайтып, Мәңгілік Ел болуға бағдар ұстады. Сондықтан Тәуелсіздік күні барша Қазақстан халқы мен әлемнің барлық түкпіріндегі достарымыз үшін ұлы мереке», – деген болатын Қазақстан Президенті.

Кейбір мемлекеттердің ғасырлап өтетін тарих жолдарын Қазақстан ширек ғасырда жүріп өтіп, әлемге танылды. Сондықтан, Алашымыздың басынан бақ таймай, көсегесі көгере берсін деп тілейміз.

Қайрат БАЛАБИЕВ,
ОҚО мәслихатының депутаты

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары