$ 439.43  473.31  4.82

Парламент ҚР Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығы Декларациясын қабылдады

Парламент Мәжілісінің Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Парламент Палаталарының бірлескен отырысы өтті. Күн тәртібінде қос Палата төрағаларының атына бір топ депутаттардан жолданған Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығы Декларациясын қабылдау туралы үндеуіне байланысты бір ғана мәселе қаралды.

Салтанатты жиын еліміздің Мемлекеттік әнұранымен ашылды. Мәжіліс Спикері Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Декларациясы өте маңызды тарихи кезеңге арналған құжат екенін алға тарта келіп:

- Осы уақыттың ішінде, барлық жетістіктер мен табыстар, ең алдымен Тұңғыш Президентіміз– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегінің жемісі. Сонымен бірге, әрқашанда президентімізге қолдау көрсетіп, тірек болып келе жатқан халқымыздың береке-бірлігінің нәтижесі. Сондықтан, Парламентте осы тарихи құжатты қарастыру - ол келе жатқан Тәуелсіздік мерейтойының ерекше маңыздылығын көрсетеді,-деді.

Депутаттар назарына ұсынылып отырған Декларация мәтінінің жобасын Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов жария етті.

Декларацияда Қазақстан Президентінің басшылығымен 25 жыл ішінде жеткен жетістіктердің жарқын көрінісі жан-жақты баяндала келіп, Елордада «Тәуелсіз Қазақстан» монументін тұрғызу, Ел Конституциясында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың біздің мемлекетімізді құрудағы бірегей үлесін атап өту, Елбасының есімін елорданың атауында және еліміздің басқа да маңызды нысандарында көрсету туралы ұсыныстар айтылған.

Одан әрі депутаттар Мұхтар Алтынбаев, Нұртай Сабильянов, Серік Ақылбай, Владиславу Косарев, Ақан Бижанов, Ирина Аронова, Ольга Перепечина, Азат Перуашев, Елеусін Сағындықов, Бақытгүл Хаменова сөз сөйлеп, декларацияның мәні мен маңыздылығын жан-жақты тарқатты және қолдайтындықтарын білдірді.

Маңызды құжат екі Палата депутаттарының шынайы қолдауына ие болып, Декларацияны қабылдау туралы арнайы Қаулы қабылданды. Мәжіліс Спикері бұл Қазақстанымыз үшін, соның ішінде, Парламент үшін ерекше орын алатын маңызды құжат екенін, ол біздің бүгінгі тарихымыз және болашақ ұрпағымызға қалдыратын бағалы мұрамыз екенін айтып, жиналғандарды тарихи құжаттың қабылдануымен құттықтады.

Бірлескен отырысқа Республикамыздың Премьер-Министрі, Мемлекеттік хатшысы, Президент Әкімшілігінің басшысы, Конституциялық Кеңестің, Жоғарғы Соттың және Орталық сайлау комиссиясының төрағалары, Үкімет мүшелері, Республика Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің, Парламент Палаталары аппараттарының жауапты қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары