$ 449.58  486.94  4.86

Қызылордада VIII «Байқоңыр Инвест» форумы болды

Қызылордада «Байқоңыр Инвест» инвестициялық форумы болды. Осымен сегізінші мәрте өткен форумға Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Альберт Рау, бірқатар бизнес қауымдастықтар мен бірлестіктердің, банк саласы мен барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың, ұлттық және шетелдік компаниялардың, Ресейдің, Германияның, Швейцарияның, Францияның, АҚШ-тың және Қытайдың халықаралық қаржы институттарының өкілдері қатысты. Сондай-ақ Әзербайжанның, Белоруссияның, Бельгия Корольдігінің өкілдері мен Өзбекстанның ресми делегациясы форумда талқыланған мәселелерге үн қосты деп жазады "Егемен Қазақстан". Форум жұмысына «Қашаған» кен орнын игеру жобасының негізі операторы – «NCOC» компаниясының делегациясы да келді.

Мүмкіндіктер мекені

Кезекті инвестфорум аясында «Инвес­тициялық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері», «Инвесторлар үшін жаңа келешек» тақырыптарында пленарлық отырыстар мен «Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперациясы», «B2B кездесу форматындағы халықаралық ынтымақтастық» бағыттары бойынша секциялар жұмыс істеді.

Пленарлық отырыста қаржы институттары шағын және орта бизнесті қаржыландыруға арналған ұзақ мерзімді жобаларын таныстырды. Сондай-ақ, экономиканың басымдыққа ие салаларындағы өзара ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Модераторлық тізгін халықаралық «Эксперт» журналы бас редакторының орынбасары Александр Ивантердің қолында болды.

Мәжілісті ашқан облыс әкімі Қы­рымбек Көшербаев Сыр еліне келген қонақтарға жылы лебізін білдіріп, ұзақ мерзімді әріптестікке бастайтын дәстүрлі форумның мүмкіндіктерін атап өтті. Аталмыш жиынға 11 елдің өкілдерінің қатысуы Қызылорда облысына инвес­тиция салуға қызығушылардың қатары уақыт өткен сайын артқанын айғақтайды. Сондай-ақ, «Қашаған» кен орнын игеру жобасының бас операторы – «NCOC» компаниясының делегациясымен кездесу өңірдегі мұнай сервистік және мердігер компанияларға жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ.

Жалпы Сыр өңірі – туристік саланы дамытуға аса қолайлы аймақ. Көлік-логистикалық инфрақұрылым дамыған. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолы­ның 812 шақырымы, темір жол, мұнай, газ құбырлары облыс аумағынан өтеді. Байқоңырдағы 2, Қызылорда қала­сындағы 1 әуежай кез келген ұшақты қабылдай алады.

Елбасы бастамасымен қолға алын­ған индустриялық-инновациялық бағдар­лама шикізатқа тәуелділіктен бір­тін­деп арылып, өңір экономикасын әрта­раптандыруға жол ашты. Шикі­заттық емес секторды дамыту қарқыны бойынша Қызылорда облысы еліміздегі маңдайалды аймақ болып отыр. Соңғы 3 жылда өңдеу өнеркәсібінің үлесі 3 есеге, экономика секторындағы ең­бек өнімділігі 4 есеге артты. Өңдеу сек­торының осы жылғы 9 айдағы өсімі 16,3 пайызды құра­ды. Нә­тижесінде, өндірістік құры­лымдағы өң­деу секторының үлесі 18,9 пайызға дейін артып, 2012 жылмен салыстырғанда 4 есеге ұлғайды. Бұл – эконо­миканы әрта­рап­тандырудағы алға қадам басудың ай­ғағы.

Қазақстан әлем бойынша уран өнді­ру­шілердің көшін бастап тұрса, Қызылорда облысы сол көлемнің жартысын өндіреді. Ауыл шаруашылығының қарқынды дамуын күрішшілердің 4 жыл қатарынан рекордты өнім жинағанынан-ақ аңғаруға болады. Өткен егін маусымында күріштің ирандық сұрпы, голландтық көкөніс түрлері егілді.

Елбасы былтыр ғана қол қойған «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» Заң ел экономикасына инвестиция салу арқылы инфрақұрылымдарды дамытуды және халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуды көздейді. Осы заң аясында аймақта «Қорқыт ата әуе­жайының жолаушылар терминалын салу», «Кәсіптік-техникалық лицей құрылысын салу», «Қызылорда қаласында 250 орындық емхана салу» жобаларына конкурс жарияланбақ. Өңір басшысы инвесторларды конкурсқа қатысуға шақырды.

Сонымен қатар, Қырымбек Елеу­ұлы аймақтың инвестиция салуға, бизнесті өркендетуге қолайлы артық­шылықтарын атап өтті. Қазақстан – Ресей үкіметаралық комиссиясының 4-отырысында «Байқоңыр» кешеніндегі 14 нысанды Қызылорда облысының коммуналдық меншігіне беру туралы шешім қабылданды. Өндірістік алаңдар, дүкендер мен тұрғын үйлер, түрлі әлеуметтік нысандар қазір бос тұр. Осы нысандар негізінде шағын және орта бизнесті дамытуға зор мүмкіндік бар.

Бүгінде облыстың барлық аудандарында және Қызылорда қаласында индустриялық аймақтар құрылған. Қызығушылық танытушыларға барлық инфра­құрылымы жеткізілген жер телім­дері беріледі. Сыр өңірінде жыл он екі ай күн ашық деуге болады. Бұл – жел және күн энергиясын пайдалануға аса қолайлы мүмкіндік. Облыста инвес­торлар мен кәсіпкерлерге бір жерден қызмет көрсететін, инженерлік инфра­құрылымдарға қосылуға техни­калық құжат беретін орталық жұмыс істейді. Елімізде экономиканың тиімділігін арттыру үшін жүргізіліп жатқан жеке­шелендіру бағдарламасы аясында инвес­торлар тартуға мемлекеттік активтер бәсекелестік ортаға шығарылады.

Форумда сөз алған Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Альберт Рау Қызылорда облысының құрылыс қарқынын, инвесторларға қолайлы жағдай жасау талпынысын жоғары баға­лады. Еліміздің инвестициялық сая­са­­тының басты бағыттарына тоқ­тал­ды. Индустрияландырудың бірінші бес­жылдығы ауқымды бағдарламаның іргетасын қалады. Ал екінші бесжылдықта экономиканы әртараптандырудың алғаш­қы нәтижелері көріне бастады. Қазіргідей ерекше экономикалық кезеңде жүзеге асқан жобалардың бәсекеге қабілеттілігі байқалады.

Вице-министр инвесторлар сарабына 4 мақсатты секторды ұсынды. Машина жасау, химия өндірісі, агроөндіріс ке­шені және сауда салаларына инвес­тиция салудың тиімділігі артып отыр. А.Рау Қызылорда облысында жүзеге аса бастаған «Кальцийлендірілген сода шығару» жобасы, шыны зауыты химия өндірісіне ерекше серпін беретінін, сондай-ақ, Байқоңыр қаласында өндірісті, шағын және орта бизнесті дамытуға қатысты жобаларға қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Құйылған қаржының қайтарымы бар

Одан әрі сөз алған Әзербайжан Рес­пуб­ликасының Қазақстандағы Тө­тенше және өкілетті елшісі Рашад Мам­мадов бауырлас екі елдің Тәуелсіздік алғанына 25 жыл толғанын атап өтіп, Сырдарияның жағалауында көрікті қаланың қанат жайы­п келе жатқанын айтты. Әзербайжан – өз экономикасын мұнайға тәуелділіктен арылту үшін туризм, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар мен көлік логистикасын дамытуды қолға алған ел. Туризм кластерін дамытудың 3-мем­лекеттік бағдар­ламасын іске асыруда. Соңғы жылдары бұл елге келетін туристер легі ар­тып отыр. Бұл мұнай бағасы арзан­да­ған қазіргідей кезеңде жаңа жұмыс орын­­дарының ашылуын қамтамасыз еткен.

Қызылорда облысынан өтетін маңыз­ды көлік коммуникациялары – темір жол және автомобиль жолы арқылы жүк тасымалдауды арттыруға болады. Елші өз еліндегі агросекторды дамытудағы, ауылшаруашылық тауарларын экспортқа шығарудағы табыс­тары туралы айтты. Әзербайжан Респуб­ликасы қазіргі уақытта Түркия, Грузия елдеріне инвес­тиция салып отыр. Қызылорда облысын да инвес­тициялық тартымдылығы ерекше өңір ретінде бағалайды. Елші осындай форумдар аясында жаңа идеялар табылып, әріптестік қатынастар орнайтындықтан оның маңызы зор еке­нін атап өтті. Облыс басшысы әзер­байжандық тарапты Қызылорда қала­сындағы дарияның сол жағалауын игеруге үлес қосуға шақырды. Елші бұл жоба бойынша инвестициялық және құрылыс ком­панияларына ұсыныс жасайтынын жеткізді.

Бельгия Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мишель Петер­манс та сол жағалаудағы жаңа қала жобасының инвестициялық тар­тым­дылығын жоғары бағалады. Бель­гия – Еуропадағы химия өндірісі, фар­ма­цевтика, металлургия, көлік құрал­дарын шығаруда табыстарын еселеп отырған мемлекет. Қазақстан сияқты экономикалық бейімделу кезеңінен өткен, екіжақты қарым-қатынасқа ашық. Елші Қызылордадағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралінің, «Бейнеу –Бозой – Шымкент» газ құбырының, «Байқо­ңыр» кешенінің мүмкіндіктері мен танымалдығы бельгиялық инвес­торлардың қызығушылығын оятып отырғанын айтты. Сыр өңірінің тумасы, велоспортшы Андрей Кашечкиннің бизнес-әріптестік, мәдени байланыстар орнатудағы еңбегіне тоқталды. Қазір Қазақстан мен Бельгия арасында су ресурстары, энергетика, қоршаған ортаны қорғау салалары бойынша берік қарым-қатынас орнаған.

Еуропа қайта құру және даму банкінің Қазақстандағы директоры Джанет Хэкман су жүйесін жаңғырту, автобус паркін жаңалау, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу сияқты бірнеше жобаларды әріптестік негізде бірлесе жүзеге асырудағы сенімді серіктестік үшін ал­ғысын білдірді. Агробизнестің даму қарқыны, дарияның сол жағалауын игеру бастамасы осы кәсіпке инвестиция салам деушілердің еңбегін қайтаратынын атап өтті. Ал аталған банктің тағы бір өкілі Бахтиор Файзиевтің айтуынша, 2013 жылдан бері қаржыландырылған жобалар орталық және жергілікті органдардың қолдауына ие болған. Қызылорда қаласының инфрақұрылымына банк салған инвестиция арқасында жылу, су, кәріз, жарық жүйелерін жаңғыртуға жол ашылды. Форумда Азия даму банкі­нің Қазақстандағы тұрақты өкілді­гінің директоры Джованни Капан­нелли қызылордалықтардың туған же­рін жан-жақты дамытуға деген құл­шынысы ұнағанын айтты. «Болашақ ұрпақтың игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстардың ауқымы таңғалдырды. Бізге түскен ұсыныстарды сараптай отырып, алдағы уақытта жоспарларымызды жариялаймыз», деді ол. Джованни Капаннелли мырзаның айтуынша, аймаққа инвесторлардың қызығушылық танытуына мұндағы саяси тұрақтылық және биліктің қолдауы себеп болып отыр. Қолайлы жағдай, қолдау бар жерде жұмыс та жүреді, салған қаржының да қайтарымы бар. Аймақ басшылығы іскерлік ортаны, ірі жобаларды жүзеге асыруға қолайлы аймақтың ұнамды имиджін қалыптастырған.

«Атамекен» ҰКП басқарма төраға­сының орынбасары Мұрат Әбенов Сыр өңірі елдің басына түскен қиын кезеңдерде де тығырықтан жол тапқанын, дағдарыстан дамуға бет алғанын атап айтты. Жекешелендірудің екінші тол­қыны кезінде барлық инвесторларға бәсекелестік ортаға шығарылған кәсіп­орындарды сатып алу, оларға инвестиция салу арқылы бизнесті өркендету мүмкіндігі ұсынылып отыр. Сондай-ақ, шағын және орта бизнестің дамуы экономиканы алға сүйрейтін локомотив ретінде бағалануда. Қызылорда облысы –  кәсіпкерліктің дамуына жағдай туғызып отырған өңірлердің алдыңғы қатарында. Ауыл шаруашылығы саласының инвес­тициялық тартымдылығы уақыт өткен сайын артып келеді. ҰКП зерттеулеріне қарағанда, ел тұрғындарының 50 пайыз­дан астамы бизнеспен айналысуға ық­тиярлы, 70 пайызы шағын және орта бизнеспен айналысудың болашағы зор деп есептейді.

«Қашаған» кен орнын игеру жобасы­ның негізгі операторы – «NCOC» компаниясы басқарушы директорының орынбасары Жақып Марабаев форум қатысушыларына компания жоспарларын айтып берді.

Пленарлық отырыс соңында облыс әкімдігі мен «NCOC» компаниясы арасында, облыстық кәсіпкерлер палатасы мен Әзербайжан бизнес және инвестиция ассоциациясы арасында әріптестік меморандумға қол қойылды.

«Инвесторларға арналған жаңа перс­пек­тивалар» деп аталатын секция­лық отырыста бірқатар мамандар ұсыныс­тарымен бөлісіп, баяндама жаса­ды. Отырыста туризммен қатар, элек­т­рон­ды сауданы дамыту, өндіріс орындарын көптеп ашып, білікті кадрларды тарту мәселелері қаралды. Қазіргі экономикалық жағдайда шағын және орта бизнесті дамыту да өзекті мәселе болып отыр. Бұл бағыттағы негізгі бағдарламалар төңірегінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-тың басқарушы директоры Ғабит Лесбе­ков тарқатып айтты. Оның айтуынша, биыл облыста 35 миллиар­д теңге көлемінде кредиттер беріліп, 362 субъекті субсидияланған. Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы-2020» бағ­дар­ламасының мақсатты тобына кір­мейтін кәсіпкерлер үшін «Даму-Опти­ма» бағдарламасы жұмысын бастап, сауда, қоғамдық тамақтану, қызмет көрсету сала­сымен айналысатын кәсіпкерлер үшін қол­жетімділігімен ерекшеленіп келеді.

«Caspian Service» компаниясының басшысы, Бельгиядағы велосипед акаде­миясының негізін қалаған Андрей Ка­шечкин «Байқоңыр» жобасын қолға алғанын, жобаның бір бағыты Байқоңыр қаласын әлем туристері ағылатын ортаға айналдыру екенін атап өтті. А.Ка­шечкин бұған дейін облыста туризм саласындағы жобаларды жүзеге асыруды, велокоманда құрып, Байқоңыр брендін насихаттауға ниетті екенін білдірген болатын. Алда­ғы уақытта ол ЭКСПО-2017 халық­аралық көрмесіне туристерді тарту мақсатында триатлоннан сайы­с, веложарыстар ұйымдастыратынын атап өтті. Ал Қазақстан франчайзинг қауым­дастығының президенті Бекнұр Қисықов күн тәртібіндегі мәселелер қатарына жер­гілікті франчайзингтік компаниялар қатарын арттыруды қосу керектігін жеткізді.

Секция отырысында «Қазатом­өнер­кәсіп» ҰАК» АҚ вице-пре­зиденті Нұрлан Рыспанов «Облыстағы металлургия өндірісінің дамуы» тақырыбындағы баян­­дамасымен бөлісті. Аймақтағы пай­­далы қазбаларды өндіру перспективалары мен оларды кешенді пайдалану мүмкіндіктеріне тоқталып, жерасты байлығын игеруге жаңа серпін берген «Шалқия» кенішін ерекше атап өтті.

Қазақстандық интернет-бизнес және мобильді коммерция қауымдастығының президенті Константин Горожанкин тұтынушылардың ғаламтор арқылы тауар сатып алуға деген сенімі жоғары еместігін алға тартып, интернет-маркетинг саласын дамытуды қолға алу керек­тігін айтты. Оның айтуынша, бүгінде бизнес үшін электронды сауда ұғымы қалыптасып, экономиканың нақты секторын дамытуда маңызын арттыруда.

Ауыл шаруашылығындағы артықшылықтар

VIІI «Байқоңыр Инвест» инвести­циялық форумының «Ауыл шаруа­шылығы өндірістік кооперациясы» аясында өткен күріш және ет, мал ша­руашылығы секциялық отырысында мемлекеттік органдардың, респуб­лика­лық және халықаралық ғылыми, бизнес-ұйымдардың өкілдері баяндама жасады.

Секция жұмысына ғалымдар, инвес­торлар мен ауыл шаруашылығы тауарларын жабдықтаушылар, ресейлік және өзбекстандық мамандар және аймақтың ауыл шаруашылығы қызметкерлері қатысты.

Шара барысында секция төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Серік Қожания­зов бүгінгі күнге ауыл шаруашы­лығындағы жалпы өнімнің басым бөлігі майда шаруа қожалықтары мен жекелеген адамдардың үлесінде екенін айтты.

– Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің деректері бойынша, ауыл шаруашылығының жалпы өндірісінің 45,7 пайызын үй іргесіндегі бау-бақша секторы, 31,1 пайы­зын шаруа қожалықтары, қалғанын ауыл шаруа­шылығы кәсіпорындары егеді екен. Мұндай үдеріс біздің облыста да қалып­тасып отыр. Бұл, әсіре­се ет пен сүт өндіруде байқалады. Мысалы, біржылдық есеппен салыстыратын болсақ, былтыр 33,0 мың тонна ет өндірілсе, оның 86,5 пайызы, ал өндірілген 87,5 тонна сүттің 85,4 пайызы жеке секторлардың үлесінде. Сон­дықтан, қазіргі кездегі мақсат жеке секторды ауыл шаруашылығы коопе­ра­тивтеріне біріктіру болып отыр, – деді ол.

Айта кетер жайт, биылғы жылдың 1 қаңтарында күшіне енген «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заңын түсіндіру мақсатында жұмысшы топ құрылған болатын. Жұмыс тобы аудандарда, ауылдық округтерде шаруа­шылық өкілдерімен кездесіп, коопе­рациялаудың тиімділігін жеткізген еді. Осыған орай, облыс әкімінің орынбасары кооперативке бірігу арқылы өнім өндіруші майда шаруашылықтардың лизингке техника мен жабдықтарды, субсидия және несие алуға мүмкіндігі арта түсетіндіктері туралы айтты.

Секция отырысында сөз алған «Ұлт­­­тық аграрлық ғылыми білім беру орталығы» АҚ басқарма төрағасы Асқар Наметов «Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік қолдаудың жаңа саясаты» тақырыбында баяндама жасады. Онда агроөнеркәсіп кешені саласына мемлекет тарапынан басым бағыттар берілгенін, ауыл шаруашылығының мемлекеттік қолдаудың барлық түрімен қамтылғанын айта келіп, жаңа саясаттың өзекті тұстарын түсіндіріп өтті.

Мұнан соң облыстық ауыл шаруа­шылығы басқармасының басшысы Бақыт Жаханов аймақтағы жаңадан құрылған өндірістік кооперативтер мен АӨК дамуының рөлі жайында баяндама жасаса, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ филиалы директоры Бақыт­жан Әбиев «50 ауыл» жобасы жайын тарата айтты. Ал қызылордалық «Іскер-М» серіктестігінің директоры Ержан Сүгіралин Сырдың бал татыған сары қауыны мен қара күләбісі көршілес елдерде зор сұранысқа ие екенін жеткізді. Бір кездері еліміздің абыройын еселеген қаракөл елтірісі бүгінде емге тапшы. Бұл жөнінде белгілі ғалым, академик Хисметолла Үкібаев өз баяндамасында айтып өтті.

Спикерлер қатарында ауылшаруа­шылық техникалық көліктерін және құралдарын шығарумен танымал қос­та­найлық «Спецстальконструкции» ком­паниясының директоры Николай Феленчук пен ресейлік «Селхоз Лидер» компаниясының өкілі Анас­та­сия Обидина да болды. Олар өз компанияларындағы ауылша­руа­шы­лық техникаларының заманауи мүм­кіншіліктерімен таныстырып, шағын зауыттардың жұмыс тәсілін, өнім шы­ғарудағы артықшылықтарын баяндады. Сонымен қатар, өзбекстандық ауылшаруашылық көлігін шығарушы кәсіпорын мамандары өнімдерін бейнеролик арқылы көрсетіп, техникалар құнының қолжетімділігін, сапалы және нарыққа белгілі екендігін айтты.

Секция жұмысы соңында іскерлік аясында бірнеше меморандумдарға қол қойылды. Атап айтсақ, «Мирас» сауда үйі мен Өзбекстан Республикасы «Узтадбир­корэкспорт» акционерлік қоғамы арасында, Қызылорда қаласы әкімдігінің қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі мен «Ман Авто Узбекистан» ЖШҚ арасында, «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ мен «Узавто Трейлер» жауапкершілігі шектеулі қоғамының және «Байқоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ мен «Ман Авто Узбе­кистан» ЖШҚ кәсіпорны арасында бірлескен экономикалық ынтымақтастық келісімдері жасалып, серіктестер жаңа жобалар бойынша бірлесіп жұмыс жасайтын болады.

Ықпалдастық ынтымаққа бастайды

VІІІ «Байқоңыр Инвест» инвести­циялық форумы аясында B2B кездесу форматындағы халықаралық әріптестік мәселелері талқыланды.

Осыған дейін облысқа әртүрлі қаржы ұйымдарынан 100 миллиард теңгеден астам қаржы тартылып, көптеген игілікті жоба жүзеге асты. Солардың арасынан «Шалқия» тау-кен металлургия кешені, шыны және цемент зауыттарын атап өтуге болады.

Форум секциялары аясында B2B фор­матындағы бизнес ынтымақтастықтың барынша пайдалы жолдарын талқы­лаудың сәті түсті. Шетелдік инвесторлар облыстың шағын және орта кәсіп иелеріне өз өндірісін таныстыруға мүм­кіндік алды. Сұхбат алаңы қос тарап үшін де пайдалы болды.

Жасы жетпістің үстіндегі Сүйіндік Аманжолов форум өтетінін естіп, Шиелі ауданынан арнайы келіпті. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шең­берінде «Даму» кәсіпкерлікті қолдау орталығы арқылы 3 миллион теңге қайтарымсыз несиеге қол жеткізген ол бүгінде отбасылық кәсіпті дөңгелетіп отыр. 2014 жылдың мамыр айынан бас­тап сол қаражат есебінен инкубациялық аппарат, тірі балық тасымалдайтын автокөлік, контейнерлер сатып алды. Осы­дан кейін Алматыдағы Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталы­ғының ғалымдарымен тәжірибе алмасып, уылдырықтан шабақ шығару технология­сын іске қосты.

– Инкубациялық балық өсіру цехында бірнеше балық түрлерінің уылды­­рық­тарынан балық өсіріп, ба­лық ша­руашылығын дамытуға үлес қосып келеміз. Қосымша, қаз, үйрек, қырғауыл жұмыртқаларынан балапандар шығарылуда, – дейді «Сүйіндік» шаруа қожалығының төрағасы. Ақсақал инвестфорум нәтижесінде кәсібін алға жылжыту үшін тиімді инвестор табылып қалар деген ойда. Өзге мемлекеттерден келген бизнес өкілдерінен кеңес алудың өзі – ол үшін үлкен мүмкіндік. Сырдария ауданына қарасты Айдарлы ауылында тұратын Роза Әлибатырова қарамағына жүзден астам шәкірт жинап, жас ұрпаққа қазақтың қолөнерін үйретіп келеді.

– Мақсатым – түкті кілем тоқу өнерін жоғалтпау, ұмытылып бара жатқан ұлт­тық дәстүрді қайта жаңғырту, – дейді ол.

Ауылдағы еңбекке епті қыз-келін­шектерді осы кәсіпке баулып, жастардың қызығушылығын оята білген Роза апай шеберхана жұмысын дамытуды қалайды. Аталған мақсатта форумға қатысып, Азия даму банкі өкілдерімен кездесті. Банк тарапынан кәсіпкерлерді қолдау үшін несие беру мүмкіндігі қарастырылған. Ендігі ретте қолөнерші ұсынысты ой елегінен өткізіп көрмек.

Секция жұмысы барысында шетелдік меймандар дәстүрлі инвестфорум туралы әсерлерімен бөлісті.

– Ресейдің инвестициялық белсенді аумақтарының арасынан Қызылорда облысы секілді жылына екі мәрте инвес­тициялық форум өткізетін белсенді аймақ­ты атау қиын, – дейді халықаралық «Эксперт» журналы бас редакторының орын­басары Александр Ивантер.

Америкалық «AECOM» компания­сының аймақтық директоры Марина Костанян да форумның тараптар үшін тиімділігін тілге тиек етті.

– Шараның жоғары дәрежеде ұйым­дастырылғаны және ауқымды түрде өткені көңілге қонады. Өзім бірінші рет қатысып тұрмын. Қызылорда көзтартар көркімен, халқы қонақжайлығымен бірден баурап алды. Бүгінгі жиында серіктестермен кездесіп қана қойғанымыз жоқ. Облыс әкімдігі қажетті әрі тиімді байланыстар орнатуға мүмкіндік жасады, – дейді Марина Костанян.

Осылайша, кезекті инвестициялық форум өз мәресіне жетіп, жүктелген міндетті толық атқарып шықты. Сондай-ақ, өңірді дамытуға байланысты бірнеше меморандумдарға қол қойылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары