$ 441.66  475.14  4.86

Биіктік баспалдағы

Маған қызмет бабымен кейде сапарлап тұруға тура келеді. Сонда бір кездері тек шетелдерден ғана көзімізге түсетін тақтайдай тегіс автобандарымызбен зырлап келе жатып, жолдың екі жағындағы жайқалған егінді, оны баптап, орып жүрген осы заманғы небір техника үлгілерін көріп сүйсінумен боламын. Ал сәулеті келісіп, дәулеті шалқыған шаруа қожалықтары қаншама!

Қысқасы, қоғамымыздың қай саласын алсақ та алға басушылық анық байқалады. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш. Бұл бағыттағы алғашқы қадамын Елба­сымыз тіпті тәуелсіздік таңы енді рауан­дап атып келе жатқанда-ақ жасап үлгерді. Ол жерімізді қақыратып, халқы­мызды қалтыратып заһар шашып тұрған Семей полигонын билік тізгіні Мәскеу қолын­да тұрғанда-ақ жауып, тарихи шешім шығарды. Оның бұл ісіне жер бетін­дегі бейбітшілікті жақтайтын бүкіл адам­зат баласы сүйсініп, қуана қол соқты. Ал енді тәуелсіздігімізді алғаннан кейін бү­кіл ядролық қару-жарақтан өз еркі­міз­ден бас тартуымыз тек өз елінің ғана емес, бүкіл Жер шарының амандығына жаны ауыра­тын пенделіктен ада, пайымы биік, парасаты айрықша биік сұңғыла саясаткердің ғана қолынан келетін бүкіл адамзат баласының қамы үшін жасалған игі қадам еді.

Кейін Нұрсұлтан Әбішұлының өзі айтқандай, атом қаруынан бас тартуымыз елімізді ядролық оқтұмсық ұстап отырғанымыздан гөрі сенімді де тиімді қауіпсіздікпен қамтамасыз етті. Жойқын қарудан жырақтаумен бірге аузын айға білеген алпауыт елдердің қауіпсіздік кепілдемесі қоса алынды.

Ал БҰҰ-ның арнайы шешімімен 2009 жылдан бері Елбасымыздың Семей полигонын жабуға қол қойған 29 тамыз – Ядролық сынаққа қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде мерекеленіп келеді. Бұл ядролық тажалға алғаш тоқтам салған Елбасымыздың ерен еңбегінің дүниежүзілік дәрежеде бағалануы әрі мойындалуы еді.

Бүгінде Қазақстан ядролық қаруды таратпау және одан құтылу жөніндегі қозғалыстың көшбасшысы ретінде танылып отыр. Президентіміз ұсынған Ядролық қару-жарағы жоқ әлем құру туралы жалпыға бірдей декларацияның БҰҰ тарапынан қолдау табуы, одан кейін Елбасымыз ұсынған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаты мәртебесіне ие болуы осы пікіріміздің айқын айғағы.

Еліміздің 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы Президентіміздің осы бағыттағы ерен еңбегі мен сара сая­сатының игі жемісі болса керек. Осылай­ша жас мемлекетіміз аз уақыттың ішінде әлем­дік геосаясатта өзіндік орны бар, тіпті оған айтарлықтай ықпал ете алатын ел ретінде қалыптасып үлгерді. Ал әр елдің сыртқы саясатының сол елдің бас­шысы­ның парасат-пайымы мен беделіне тікелей байланысты екені даусыз.

Нұрсұлтан Әбішұлының биік беделі туралы айтқанда мықтап бекемделіп, шымыр шегенделген шекарамыз туралы ауызға алмай кетуіміз тіпті мүмкін емес. Біз – жер көлемі жөнінен әлемдегі 9-шы елміз. Соған орай 14 мың шақырымнан астамға созылған шекарамыз бар. Ал Ресей мен екі арадағы шекарамыз құрлықтағы ең ұзын шекара ретінде тіпті Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген.

Кезінде хандық мемлекеттің шекарасы өзен-көлдер сияқты табиғи рельефтер арқылы белгіленетін. Әрине, оларға қазіргідей делимитация, демаркация жүргізілмеген. Бұларсыз қазіргі халықаралық стандарт бойынша сіздің межеңіз шекара болып танылмайды. Онымен қоса, шекара туралы келісім сол екі елдің және ағылшынша үш тілде жазылып, бір данасы БҰҰ кеңсесінде сақталады. Бұл енді ол келісімнің орындалуына БҰҰ-ның өзі бақылау жүргізіп отырады деген сөз. Бұларсыз бүгінгі күні ешбір шекара мойындалмайды. Осыны жете түсінбеген кейбіреулердің «Бұрын шекарамыз болған жоқ» деп күңкіл шығарғаны жасырын емес.

Қазір Қазақстан – бұрынғы ТМД елдері ішіндегі шекарасы қазіргі стандарттарға сай толық шегенделген бірден-бір ел. Тіпті, кезінде бүкіл әлемді тітіркендірген қарулы да қаһарлы КСРО-ның өзі діттей алмаған Қытай мен екі арамыздағы жер дауын оңынан шешіп алғанымыздың өзі неге тұрады. Қазіргі ұлттық ұстанымымызға айналып отырған «Мәңгілік Ел» идеясының түпқазығының бірі осы шекара мәселесі десек, тәуелсіздік жылдары тарқатып алған осы түйініміз оңай олжа емес.

Менің екі мерзім еліміздің прокуратурасы саласын басқарғаным көпшілікке белгілі. Әлемге танылған айрықша тұлғаның тікелей басшылығымен қызмет атқару екінің бірінің басына бұйыра бермейтін мәртебе екені рас. Алайда, ол кезде мен үшін Президентіміздің маған артқан сенім үдесінен шығу бірінші орында тұрды.

Бұл бір азат елдің соған лайық прокуратурасын қалыптастыру мәселесі күн тәртібінде тұрған қиындығы мол қысталаң шақ еді. Осы тұста біз Нұрсұлтан Әбішұлының зор қолдауын қапысыз сезінумен болдық. Соның арқасында бір кездегі қаралау органын шын мәніндегі адам құқығының сақталуын қадағалау органына айналдыру жолында небір батыл да игілікті қадамдарға бардық.

Рашид ТҮСІПБЕКОВ,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары