30.11.2016, 15:19

Төлебиде тағы бір балабақша бой тіктеді

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданында жаңа балабақша ел игілігіне берілді. Бұған дейін көрші ауылдағы бөбекжайға қатынаған балғындар енді мектепке дейінгі білім беру мекемесінің тапшылығын сезінбейтін болды.

Заман талабына сай жабдықталған нысанда тәрбиеленеді. «Әдемі». Жаңадан бой көтерген балабақша осылай деп аталады. Мұнда бөбектердің жан-жақты білім алуы үшін бар жағдай жасалған. Балабақша меңгерушісі Гүлзира Байтұрованың айтуынша, 110 балаға шақталған мекемеде арнайы ойын алаңшалары да талапқа сай салынған. Жоғары білімді тәрбиешілер тәлім береді.

Бұған дейін балаларын көрші ауылға тасып, әбден қажыған ауыл тұрғындары бұл қуанышқа дән риза. «Балапан» бағдарламасы аясында ашылған балабақша жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына да себепші болмақ. Айта кетейік, Елбасы тапсырмасы бойынша балғындар 100 пайыз балабақшамен қамтылуы тиіс. Төлебиде бұл меже 80 пайызға орындалып отыр. Жергілікті кәсіпкерлер бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жобасы аясында бұдан да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізбек ниетте.

ҰЛБАЛА АЙТӨРЕЕВА –АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

- Жыл санап ауылымызда осындай нысандар салынып жаңарып жатырмыз. Бұл әрине елдің азаттық алғаннан кейінгі жетістігі. Алғаш тәуелсіздік алған жылдар есімізде қазір салыстыруға да келмейді. Балаларымыз осындай көркем ғимараттарда тәрбиеленіп білім алып жатыр. Елдің қамын жейтін азаматтар көп болсын.