$ 447.4  477.55  4.76

«Астана» Халықаралық қаржы орталығы қос министрлікпен меморандумға отырды

ҚР Президенті жанындағы шетелдік инвесторлар Кеңесінің 2016 жылдың 27-мамырында өткен пленарлық отырысында қабылданған жаңа биржалық инфрақұрылымды және жер қойнауын игеретін компаниялардың жеке биржалық алаңын құру туралы шешіміне сәйкес, бүгін «Астана» Халықаралық қаржы орталығы, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі және ҚР Энергетика министрлігі Ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Құжат бойынша тараптар жер қойнауы саласының дамуына, оның ішінде жер қойнауын игеретін компаниялардың ашықтығын арттыру мен олардың қызметінің алдын-ала болжануына қатысты ынтымақтасып жұмыс істейтін болады. Бұған қоса, пайдалы қазбалардың қоры есебіне халықаралық стандарттар жүйесін енгізуге, ұзақмерзімдік капитал нарығын дамытуға (оның ішінде орта және кіші капитализацияға ие компаниялар), жер қойнауын игеретін қазақстандық компаниялардың арасынан жаңа кластағы эмитенттерді құруға және Қазақстан Республикасындағы жер қойнауын игеру саласындағы инвестициялық климаттың жақсаруына ықпал етеді.

АХҚО Басқарушысы Қ.Келімбетовтің айтуынша, АХҚО базасында құрылатын биржалық алаң шағын және орта капитализацияға ие компаниялар мен пайдалы қазбаларды зерттеумен айналысып жатқан компанияларға (junior mining companies) АХҚО құнды қағаздар нарығы арқылы үлестік және борыштық қаржыландыру құралдарын тартуға мүмкіндік береді.

Өз кезегінде Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек, «үшжақты келісім жер қойнауын игеру саласын дамыту бойынша Елбасының алға қойған тапсырмаларын сәтті жүзеге асыруға және АХҚО биржалық алаңы арқылы жер қойнауын игеретін компанияларды қаржыландырудың тиімді көзін табуға ықпал етеді»,- деді.

Энергетика министрі Қ.Бозымбаев Қазақстанда пайдалы қазбаларды, оның ішінде көмірсутекті шикізатты өндіру және өңдеу бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Министрдің айтуынша, Қазақстан мұнай мен газдың үлкен қорларына ие. Елімізде 200-ден астам кеніш бар. Бұдан да басқа көптеген кеніштер зерттелуде. Кеніштерді сәтті зерттеу және өңдеу айрықша капиталды қажет етеді. Демек, бұл – жер қойнауын игеруші компанияларды қаржыландыру құралдарының қажеттігін көрсетеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары