Жаңа ғасырға аяқ басқан Жаңа Қазақстан. Отандық кәсіп - мақта шаруашылығы арқасында жаһанға танылған ОҚО Мақтарал ауданының халқы мерейлі той шаттығын еселеді. «Ұлы дала елі - тәуелсіздіктің 25 негізі» атты «25 жұлдызды күн» акциясы аясында ауқымды көрме ұйымдастырып, көпшілік Қазақстанның ширек ғасырдағы бағындырған белестері мен жетістігіне куә болды.
Сурет көрмесі сан таланттың шығармашылығын паш етті. Жетісайдағы Құрманбек Жандарбеков атындағы драма театрының фоэсі – еліміз өткен бел-белестерден хабардар етті. 500-ге жуық туынды - азаттық алған жылдардағы халықтың әл-ауқаты мен әлеуметтік экономикалық дамуына таразы іспеттес. Шараны Мақтарал аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері ұйымдастырды. Еселі еңбектің ең ауқымдысы шығармашылық иелеріне түсті.
Ғалымжан Исмаилов, Мақтарал ауданының әкімі:
- Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары аудан бюджеті 60-70 мың болған екен. Қазір 125-130 есеге өсті. Жергілікті бюджет қоры бүгінде 32 млрд. теңгені құрады. Бұл ауданымыздың басты жетістігі. Қаржы артқан сайын, атқарылатын ауқымды тірліктер көбейеді. Жобалар сәтті жүзеге асса, көптеген өзгерістер орын алатын болады.
Айтып өтейік, жылнамалық, шежірелік һәм шығармашылық көрмені ауданға келген қонақтар мен қала тұрғындары да тамашалай алады. Туындылар желтоқсан айының 17-не дейін көпшіліктің назарына ұсынылады.