Егемендік алып, ел болудағы басты белгі – тоқшылық. Оңтүстік Қазақстан облысы астыққа бай. Сондықтан болар, мұнда кондитерлік кәсіпорындар көбейіп келеді. Бірі де бірегейі – "Ердес нан" зауыты. Қаратау тәжі Кентаудың ғана емес, облыстың мақтанышы. Жарты ғасырға жуық ғұмыры бар өндіріс ошағының бүгінде аумағы кеңейіп, соңғы 25 жылда заманауи құрал-жабдықтармен толықтай қамтылды.
Зауыттың қазіргі директоры - Санжар Ердесов. Жас, жаңашыл басшы. Зауыт жұмысын жандандыруды, ондағы қондырғыларды жаңартуды қолға алып отыр. Нанның 15-тен астамы, тәттінің 115 түрі шығарылады. 100-ге жуық қала тұрғыны екі қолға бір күрек тапқан. Кент әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев мемлекет тарапынан беріліп жатқан түрлі қолдауларды пайдаланып, жұмысты әрмен қарай жетілдіруді ұсынды.
Әбдібақыт МАҚҰЛБАЕВ, Кентау қаласының әкімі
- Зауыт өнімдері халыққа таныс. Облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы кәсіпкерлерді қолдау үшін бароық жағдайды қарастырып отыр. Соның аясында қазір біз кәсіпорынмен келістік. Модернизация жасау үшін қажетті мүмкіндіктерді қарастырмақпыз. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ұжымға жаңашылдық тілеп, өз өнімдерімізбен мақтанып, марқайып тұрмыз. Алайда, солай екен деп, істі тұралатуға болмайды. Атқаруға тиіс ірі жобаларды жүзеге асыру ендігі міндетіміз. Еліміз, Дүние жүзілік сауда ұйымына мүшелікке енді. Енді осындай сәтті құр жіберіп алмауымыз керек. 25 жыл - бұл өз-өзімізге есеп беру екенін ұмытпағанымыз жөн.
Осылайша, қарт Қаратау жұртын жарты ғасырға жуық уақыт бойы нанмен қамтып отырған зауыт алдағы уақытта қайта түлемек. Ол үшін кәсіп иесі мемлекет қолдауына иек артады. Қазір өндіріс орнындағы кондитерлік құрылғыларды модернизациялау үшін келіссөздер жүргізіліп жатыр.