Ауыл шаруашылығын дамыту арқылы ел ахуалы жақсармақ. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Жансейіт Түймебаев Қазғұрт ауданына жасаған сапары барысында «Амангелді» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысып еді. Шаруа қожалығының ілкімді ісіне тәнті болған әкім өңірде бау шаруашылығын дамытуды да тапсырған. Тәуелсіздік жылдары даму ісіне ден қойған қазығұрттықтар облыстық семинар-кеңес ұйымдастырып, жеткен жетістіктер мен алда атқаратын жаңа жобаларын пысықтады.
Төрт құбыласы тең «Амангелдінің» көкөніс қоятын кең қоймасы бар. Онда жаз бойы еткен еңбектің өтеуіне тең өнімнің сапасын жоғалтпай сақтауға болады. Серіктестік соңғы үлгідегі техникалармен жабдықталған. Семинар барысында өзге аймақтардан келген шаруалар саладағы озық әдіс-тәсілмен танысты.
Сарағаштық дихандар, мұндай шараның жер емген диқандар үшін берері мол дейді. Себебі, осы арқылы ауылшаруашылығы саласында кездесетін қиындықтарды бірге еңсермек. «Қызыл жар» өндірістік кооперативінің төрағасы Жақсылық Дүйсебаевтың айтуынша, жылына әр түрлі жеміс ағашының 100 мың данасын сатылымға шығарады. Бұл үшін ол мемлекет тарапынан қолдау көрген.
Жақсылық ДҮЙСЕБАЕВ, «Қызыл жар» ЖШС-нің төрағасы:
- Мойындау керек, қазір Үкіметтен қолдау көп. Шаруаларға бар жағдайды жасаған Елбасыға айтар алғысымыз шексіз. 25 жылда бір белесті бағындырдық. Келесі қадам - Қазақстан өнімдерін өзге елдерге шығару, таныту.
Рас. Жетістік бар. Тек әр адам басқа түскен қиыншылықты табандылықпен еңсере білу керек. Айтып өтейік, Қазығұрт ауданының дихандары биыл толайым табысқа жетті. 530 гектар жүзімдік бағынан 30 мың тонна өнім алды. Ал, жеміс жидек 1080 тонна. Қазір жергілікті өнім Алматы, Астана мен Ресей мемлекетіне жол тартуда.