02.12.2016, 08:52

ОҚО жастары флэшмоб өткізді

Оңтүстік жастарының айтулы даталарда флэшмоб өткізуі бірінші рет емес. «Мен елімді сүйемін», «Қазақстан – менің отаным» деп ұрандатқан олар осы жолы да ерекше дайындалды.

1-желтоқсан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай, Төле би ауданында «Мәңгілік ел» жастар форумы өтті, - деп хабарлайды жергілікті әкімшілік баспасөз қызметі. Іс-шара барысы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 25 жыл, Желтоқсан оқиғасына 30 жыл, Төлеби ауданына Төле Әлібекұлының есімі берілгеніне 25 жыл, Халық ақыны Қазанғап Байболұлына 125 жыл, Жыр алыбы Жамбыл Жабаевқа 170 жыл толуына арналған салтанатты мереке 170 адамнан құралған  флэшмобпен ашылды.

Атаулы даталарға мерейтойлардың аты жазылған шарлар әуеге ұшырылды.

«Тәуелсіздікке оңай жеткен жоқпыз. Сан ғасырлар бойы ата-бабаларымыз осы күнді арман етті. Болашақтың іргетасы біз бір-бірімізге адал, сенімді серік болғанымызда берік қаланады. Оны Елбасы әрдайым Сіздер мен біздерге айтып, нықтап отырады. Арайлап атқан әр таңды көруге жазған ғұмырымызды бағалайық. Елдігімізді сақтап қалу жолында білекпен емес, біліммен күресейік». Төлеби ауданының әкімі Бұхарбай Парманов көпшілікке салмақты ойын осылай жеткізіп, мерекемен құттықтады.

«Жастар аллеясындағы» көрмені тамашалап, үздіктер қатарында жүрген жастарды марапаттады. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.