06.12.2016, 08:44

Тау жастары тәуелсіздікті жырлады

«Тәуелсіздікті жырлаймын», «Ұлтымның ұлы дәстүрі»... Осылай деген оңтүстікқазақстандық жастар ҚР Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық жетістігін өлеңге қосып, жырлады. Бәйдібек ауданында бас қосқан олар ақындық өнерімен қатар, сахналық шеберліктерін де қазылар алқасының таразысына салды.

Сайыс үш кезеңнен тұрды. Бата беру, жыр арнау, ән айту. Қойылған талап қатал болды. Үміткерлер шынайы дайындалып, әр сынақтан сүрінбеуге тырысты. Оннан астам жастың ішінен суырылып алға шыққан үшеуі болды.

Сайыскерлерді құттықтауға келген аудан әкімі Б.Танагузов: «Бүгінгі шарада жеңілген де жеңген боп саналады. Себебі, әрбіріңіздің Тәуелсіздікті тебіренте жырлағандарыңыз жүректен шықты. Біз бүгінімізбен бақыттымыз, келешектің де жарқын болатынына сенімдімін»,- деді.

Көпшілік куә болған байқауда жамбылдық Ә.Ағабеков бата беруден, Тасқұдық ауылынан келген Б.Асанова ән айтудан, Жүзімдік ауылының намысын қорғаған Е.Байсейітова өзінің тәуелсіздік жырын оқып, бірінші орынды жеңіп алды. Сонымен қатар, осы шарада өзара тазалықтан жарысқан үлгілігі аулалар да анықталып, бас жүлдені Б.Танысбаевтың отбасысы иеленді. Шабытқа шабыт, рухқа рух қосатын мұндай жарыстар жыл сайын жалғасын таппақ. Былтыр мұндай сайысқа қатысушылардың саны саусақпен санарлықтай болса, биыл үміткерлер жиырмаға жуықтаған.