06.12.2016, 14:13

Цирк өнерпаздары ауыл-аймақты аралап жүр

ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Өнерім саған, ауылым» атты цирк керуені ОҚО Бәйдібек ауданы, Шаян ауылына ат басын тіреді. «Таңғажайып керуен» қойылымымен барған Оңтүстік-Цирк әртістерін аудан әкімінің орынбасары Нұрғали Айтбеков арнайы қарсы алды деп хабарлайды Оңтүстік-Цирктің баспасөз қызметі.

Қойылымдарды тамашалауға мыңға жуық көрермен жиналды. Шаян ауылдық спорт кешенінде өткен кештің шымылдығын аудан өнерпаздары ашты. Әннен шашу шашып, би биледі. Бәйдібек ауданында цирк үйірмесін ашып, мекемеге болашақ өнерпаздарды даярлап жүрген Б.Бекберген де шәкірттерімен келіп, өз туындыларын тәуелсіздікке арнады.

Реті келгенде аудан әкімінің орынбасары Н.Айтбеков, торқалы тоймен туған күні сай келген «Оңтүстік-Цирк» ұжымына құрмет көрсетіп, қошемет жасады. Сөз кезегінде мекеме директоры А.Әлиев өздеріне қолдау білдірген әкімдік пен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшылығына алғысын білдірді. Айта кетерлігі, «Оңтүстік-Цирк» әртістерінің басым бөлігі Бәйдібек ауданының тумалары. Осы орайда туған өлке атын асқақтатып жүрген цирктегі аудан мақтаныштары алғыс хатпен марапатталды. Шара соңы өнерін ауылға арнаған кәсіби мамандардың қойылымымен ұласты. Сахнаға үйретілген күшіктер, әуеде қалықтаған қанатты құстар, оймақты белде айналдыру сияқты қызықты жанрлар көпшіліктің көңілінен шықты.