«Саламатты Қазақстан». Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынған бағдарламаға сәйкес Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданында «Көшпелі керуен» шарасы ұйымдастырылды. Оның аясында елдімекен тұрғындарына тегін медициналық көмек көрсетіліп, ел қарияларына Тәуелсіздік тойына тарту ретінде құрмет көрсетілді.
Ауруы асқынғанша дәрігерге қарана қоймайтын ауыл тұрғындарына бұл акцияның шарапаты мол болды. Ауданның 8 дәрігері, нақтырағы, терапевт, хирург, кардиолог, невропатологтары бұл күні елдімекеннің өзіне келді. Маман көмегіне 70-тен астам сырқат жүгініп, зертханалық тексеруден өтті. Қабылдау кезінде қажеттілігіне қарай, жеңіл ота да жасалды.
Бұдан соң, аудан басшысы бастаған көшпелі керуеннің әлеуметтік қызметкерлері ардагерлердің үйлеріне кіріп, қариялардың хал-жағдайларын білді. Қарттық жетіп, қайраты қайтқандар акция ұйымдастырушыларына жан жүректерімен риза болғаны анық байқалды. Өйткені, қариялар байқатпай, жанарға іркілген жастарын сүртіп жатты. «Көшпелі керуендегі» жұмысшы топтың мұндай игі әрі сауапты ісі өзгелерге өнеге болатындай. Қашанда қариясын сыйлап, жетімін жылатпаған қазақ дәстүрін ту еткен аудан басшылығы бұл жолы да осы үрдістен жаңылған жоқ. «Халқымыздың ең басты құндылығы - ел тәуелсіздігі бізге бейбіт аспан астында өмір сүру бақытын сыйлап қана қойған жоқ. 25 жылдың ішінде халықтың әл-ауқаты жақсарып, қыруар жұмыс атқарылды. Мұның барлығы ұлттар мен ұлыстардың татулығының көрінісі» деген аудан басшысы ауыл тұрғындары мен зиялыларына еліміздің алар асуы, жетер биігі әлі де алда екенін Қарасудағы кездесуде қадап айтты. Науқас еңсесін тіктеп, қария көңілін сергіткен әлеуметтік акция соңы мерекелік концертке ұласты.