Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай ОҚО Қаржы басқармасында «Тәуелсіздік жолында еңбек еткендер» атты салтанатты шара ұйымдастырылды. Кеш барысында еліміздің қаржы жүйесінің дамуына үлесін қосқан ардагер қаржыгерлер марапатталды.
Басқарма басшысының орынбасары Иса Шалабаевтың айтуынша, басқармада аянбай тер төккен сегіз ардагер бар. Олардың барлығы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап еңбек еткендер. Салтанатты жиында ардагерлер қауымы кейінгі жас ұрпақ өкілдерімен кездесіп, еңбек жолдарынан естеліктер айтты.
Теңгеміз алғашқы айналымға түскен күннен бастап ОҚО бюджетінің қаражаты небәрі 387 миллион теңгені құраған. Қазіргі таңда қазынамыз 572 миллиард теңгеге жеткен. Жалпы жиыны 16 есеге өскен. Сараптама жасау нәтижесінде облыстық бюджет қоржынына 2001 жылы 25 миллиард теңге түсікен. Оның 75 пайызы әлеуметтік салаға жұмсалған. Өңірде сол жылдары әлеуметтік салаға 196 миллиард теңге қаржы жұмсалған.
Қаржы саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен бас маман, бүгінде еңбек ардагері Күлзада Іскендірованың айтуынша, алғаш теңге шыққан жылы айлық жалақылары небәрі үш жарым мың теңге болған екен. Ал, қазіргі таңда бас мамандар 80 мың теңгеден кем емес жалақы алады. Соңғы 25 жылда бюджеттік мекемелердегі айлық-жалақы мөлшері 17 есеге дейін көбейген. Мұның барлығы егемендікке қол жеткізген елдің қаржы жүйесінің өз азаматтарының әл-ауқатын көтеруге жұмсалып жатқандығының көрінісі.