Шымкенттегі Облыстық бейнелеу өнері мұражайында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты мен Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің ұйытқы болуымен «Ұлы дала ұрпақтары» көрмесі жұмысын бастады. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков пен зиялы қауым өкілдері қатысты. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған көрмеге студенттердің 100-ден астам еңбегі қойылды.
Сондай-ақ келушілер назарына майлы бояумен салынған суреттер, гобелен, ұлттық аспаптар мен кәде сыйлар ұсынылды. Ал шығармашылық жұмыстар келушілерге үлкен әсер қалдырды. Туындыларда «Тайқазан», «Отырар кітапханасы», «Қожа Ахмет Ясауи» кесенесінен бастап, бүгінгі күнге дейінгі аралықтағы ұлттық тарих пен мәдениеттің артефактісіне айналған мәдени-рухани ескерткіштер бейнеленген. Сол сияқты көрмеге Мәңгілік Елдің тұғырын бекемдеуге қызмет жасаған тарихи тұлғаларымыздың да портреттері қойылған. Барлық құнды жәдігерлер Қазақ елінің тәуелсіздік жылдарындағы жеткен жетістігі мен азаттық жолындағы күресін бейнелейді. Сондай-ақ, алдағы уақытта елдің даму күшіне айналатын салаларға да ден қойылған. Олар тарихи-көне жерлерді дәріптейтін суреттер. Айта кету керек, көрмеге жоғары оқу орындарының студент жастары көптеп қызығушылық танытуда. Тәуелсіздік мерейтойына дейін келем дейшілерге есігін айқара ашқан айтулы көрмені алдағы уақытта дәстүрге айналдыру жоспарда бар, - дейді шараны ұйымдастырушылар.