09.12.2016, 03:12

Тәуелсіздікке тарту!

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесі қарсаңында, Елбасы қатысуымен өткен Жалпыұлттық телекөпір барысында Оңтүстік Қазақстан облысында «KARLSKRONA LC AB» ЖШС-нің болат құю өндірісі бойынша салынған өнеркәсіп орны іске қосылған болатын.

«Жаңа индустрияландыру» бағдарламаңызды қолдау мақсатында, өнімді елде барынша шоғырландыру үшін болат құю өндірісі ұйымдастырылды. Жаңа зауыт арқылы алыс және жақын шет елдерге экспорт көлемін 40 пайызға артады. Қазір кәсіпорындағы жаңа өндірісіміз іске қосылуға дайын.

Тәуелсіздік аясында еліміз нық аяққа тұрып, келешек ұрпақ үшін толыққанды мемлекет қалыптасты. Зауытта 58 жас маман жұмыс жасауда. Арасында «Болашақ» бағдарламасымен білім алғандар да бар. Мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпорын – машина жасау саласында алдыңғы қатарда. Компания Орталық Азияда теңдесі жоқ заманауи технологиямен жабдықталған.

Бадам индустриялды аймағында орналасқан кәсіпорынның жобалық құны 2 млрд теңгені құрайды. Зауыт жылына 3700 тонна өнім шығаруға қауқарлы. Өндіріс орнында 75 адам жұмыспен қамтылған. Ішкі нарықтың 60 пайызын құрайтын кәсіпорын Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан және Белоруссия секілді елдерге өнімін экспортқа шығаруды жоспарға қойған.

Мемлекеттік «Жаңа индустрияландыру» бағдарламасы аясында іске қосылған зауытта шойын мен болаттан ауыл шаруашылығы техникаларын, машина жасауға қажетті жабдықтар жасалмақ. Сондай-ақ, зауытта әзірленген бөлшектерден жерасты суы, шаймалау әдісі арқылы уран және өзге де сұйықтықты сорып алуға лайықталған сорғылар құрастырылады.

Бүгінгі таңда өндірілген өнімдерді өткізу бойынша зауыт жетекшілігі Белоруссиямен келісім-шарт жасап қойған. Осылайша, нарықта «KARLSKRONA LC AB» ЖШС атауымен белгілі серіктестіктің бұл үшінші өндіріс орны деуге болады. Жалпы ұлттық телекөпір шарасына қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жаңадан іске қосылған кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесіп, зауыттың алдағы өндірістік даму жоспарын талқылады. Жұмысшылармен болған сұқбат барысында аймақ басшысы зауытта шығарылатын өнімдердің сапалы және халықаралық бәсекеге қабілетті болуы қажеттігіне тоқталды.