Оңтүстік Қазақстан облысы Қарасу ауылдық округіне қарасты Ақбастау елді-мекеніне Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесі қарсаңында газ келді. Осылайша, 18 коммуналдық меншіктегі үйдің тұрғындары көгілдір отынның игілігін көру мүмкіндігіне ие болды.
Бұдан 4-5 жыл бұрын салынған үйдің тұрғындары табиғи газдың келуін тағатсыздана күткен болатын. «Қаз Трнас Газ аймақ » ЖШС АҚ өкілдерінің айтуынша, дәлірек айтсақ Сайрам Газ шаруашылығының директоры Бауыржан Спахановтың басшылығымен аталған үйлерге газ құбырын тартуға байланысты құжаттар қайта рәсімделіп, ол қысқа мерзімде жүзеге асады. Ішкі табиғи газ құбырын жүргізуде ауқымды жұмыстар та атқарылуда.
Осының арқасында коммуналдық меншіктегі үй тұрғындарымен бірге тағы 38 жекеменшік үйдің иесі көгілдір отынның рахатын көретін болады. Бұл күні, ел көңілі марқайып, қарапайым жұртшылық мәз болысты. Тұрғындарды аудан әкімі Самат Сапарбаев арнайы келіп, құттықтады. Сондай-ақ, жергілікті кәсіпкерлер де қуанышты еселеп, әрбір отбасыға арнап қайырымдылық шарасын өткізді. Көгілдір отынның көрімдігі деп, 18 қап ұн мен басқа да азық-түлік өнімдерін азаматтарға үлестірді. Тәуелсіздік мерекесінде осылайша қос қуанышқа кенелген ауыл халқы бір марқайып қалды. Жиын соңында ақсақалды қариялар елге батасын беріп, бейбіт өміріміз мәңгілік болсын деп тілесті.