07.12.2016, 16:07

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына ерекше флешмоб

Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының студенттері Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арнап ерекше флешмоб ұйымдастырды. Болашақ педагогтар бұл шара арқылы елі мен жеріне деген шексіз отансүйгіштік сезімдерін білдіргісі келген.

Қаладағы іргелі оқу орнының 200 студенті қаз-қатар тұрып, «25» саны мен оңтүстіктің таңбасына айналған «ОN» деген белгісін айшықтайтын  жазуды  құрастырды. Спорт алаңына шыққан жастар осылайша біріккенде ғана талай асуларды бағындыруға болатынын тағы бір дәлелдеді. Азат елдің арманшыл ұрпағы Қазақстан «Мәңгілік ел» атануы үшін аянбай еңбек ететіндіктерін жеткізді. Көпшілікті тұғыры биік тәуелсіздікті қастерлеп, жастарымызды білімді болуға шақырды. Аталмыш оқу орнында елдің ертеңгі тұтқасын ұстар балғындарға білім беретін болашақ педагогтар  білім алады. Сондықтан институт жанынан құрылған арнайы ұйымдар патриоттық бағыттағы  түрлі іс-шаралар өткізіп тұруды дағдыға айналдырған. Бұл өз кезегінде жастарды ауызбіршілікке, жұмыла жұмыс істеудің қаншалықты маңызды екендігін алға тартады дейді институт белсендісі Ғалия Исамет.

Ғалия Исамет-  ОҚМПИ студенті:

- Өзім биология факультетінде оқимын. Алда осы биотехнологияны ары қарай дамытсам деймін. Өз үлесімді қоссам деймін. Нанотехнологияны ары қарай жетілдірсем деймін.