Ғасырға бергісіз 25 жыл ішінде толағай табыстарға қол жеткізген Қазақстан Тәуелсіздік салтанатын кең көлемде атап өтуде. Той қамына жыл басынан кіріскен сарыағаштықтар елдің игілігіне қызмет ететін шараларды қолға алып, жұртшылық назарына ұсынды.
Мерекелік шараның қадірлі қонағы – облыстық мәслихаттың депутаты Әбілқасым Досболов болды. Ел тәуелсіздігінің торқалы тойы Қапланбек ауыл округіне қарасты Сіргелі елдімекенінде болып өтті. Жиналған қауым көркемөнерпаздар ұжымы ұйымдастырған мерекелік концертті тамашалады. Салтанатты жиында сөз алған ел ағалары бұқараны тәуелсіздік күнімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
Бұл күні қоғам дамуына сүбелі үлес қосқан белсенділердің мерейі үстем болды. Олар облыстық мәслихат және аудан әкімінің алғыс хатына ие болды. Қазіргі таңда Сарыағаш ауданы оңтүстіктегі ауылшаруашылығы мен кәсіпкерлігі өркен жайған жетекші ауданның бірі боп табылады. Халқының саны мен орналасуы бойынша да әлеуметтік статусы биік аймақ. Бұл бағытта тәуелсіздік жылдары атқарылған шаруалар аз емес. Шалғай ауылдардағы ауыз су мәселесі, білім ұяларының тапшылығы да жүйелі түрде шешімін тапты. Осы мақсатта қазір ел аумағында көптеген айтулы шаралар өтуде. Соның бір парасы бүгінгі шара. Сан ғасырлық бабалар арманының орындалғанына – 25 жыл. Осы кезеңде қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған табысқа жеттік. Бұл еліміздегі татулық пен бірліктің арқасы.