Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек аудандағы Тәуелсіздік тойы орталықтағы спорт кешенінде өтті. Алдымен «Тәуелсіздікке тарту» көрінісі көрсетілді. Содан соң аудан әкімі Бахытбек Танагөзов көпшілікке мерекелік тілегін айтты. Тілек марапаттауға ұласты.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ауданның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі мен қоғамдық қызметте сіңірген белсенді еңбегі үшін Жамбыл ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Әбдіхалық Ағабеков пен Ағыбет ауылдық билер алқасының төрағасы Әлмырза Еркебаев және Боралдай ауылдық әжелер ұйымының төрайымы Рая Баетова басқарған ұйымдар қоғамдық ұйымдардың көшін бастап, «Жыл үздіктері» атанды.
Осындай марапатқа білім саласы бойынша М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің директоры Толқын Бейсенова, №1 мектеп-интернатының ән және саз пәнінің мұғалімі Аяулым Тұрғанғазинова, «Шапағат» бала бақшасының тәрбиешісі Римма Нұрманова, «Жиенқұм» жалпы орта мектебінің 11 сынып оқушысы Айдана Мамырбек ие болды. Әрбірінің жетістігі айтылды. Мысалы, М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебін 2016 жылы бітірген 46 оқушысының 43-і ҰБТ-ке қатысып, орта балы 89,5-ті құраған. Аяулым Мұхтарқызының шәкірттері «Гамарджоба, Тбилиси» атты халықаралық байқауларда, «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол!», «Болашақ жұлдыздар – 2016» байқауының жүлдегерлері атанған.
«Жылдың үздік оқушысы» Мамырбек Айдана Бақытжанқызы облыстық оқушылар олимпиадасында 1 орынды иеленіп, Петропавл қаласында өткен республикалық олимпиадаға жолдама алған.
«Жылдың үздік ата-анасы» да белгілі болды. Борлысай ауылдық округінің тұрғындары Қолғанат Сұлтановпен Несіпкүл Мұғалбаеваның ұл-қыздарының бірі мектепті «Алтын белгімен» бітірсе, енді бірі «Үздік аттестат» иегері атанған. Екеуі де жоғарғы оқу орнында.
Жамбыл дәрігерлік амбулаториясы «Жылдың үздік медицина мекемесі» атауына ие болды.