03.12.2016, 06:11

Тұңғыш президент күнін сарыағаштықтар сән-салтанатпен атап өтті

Елбасы жүріп өткен жол ел тәуелсіздігімен тікелей байланысты. Тұңғыш Президент әр іске бастамашы. Осылай деген Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданының тұрғындары мерейлі мерекені сән-салтанатпен атап өтті.

Аудан әкімі Қайрат Әбдуалиев барша жұртты 1 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтады.

«Бұл баршамызға ортақ салтанатты оқиға, бүкіл қазақстандықтардың тарихи таңдау күні, халық бірлігі мен келісім күні. Мереке Қазақстан халқының Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа жоғары сенімінің, құрметінің жарқын көрінісі болып табылады. Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушысы екендігі күмәнсіз. Елбасымыз ата-бабаларымыздың тәуелсіздік туралы ғасырлар бойғы армандарын ақиқатқа айналдыруға мүмкіндік туғызды. Сонымен қатар, ол – әлеуметтік-экономикалық, саяси қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттің бірегей моделін жасаған осы заманғы аса көрнекті мемлекеттік және саяси қайраткер», - деді ол.

Сонымен қатар, әкім Қазақстан Тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде ауқымды саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларды табысты жүзеге асырған мемлекетке айналып отырғандығын атап өтті.

«Бүгінде республикамызбен бірге ауданымыз да қарқынды дамып келеді. Бүгінде біз сарыағаштықтардың өмір сүру сапасы жыл сайын жақсарып келеді деп толық сеніммен айта аламыз. Экономика мен әлеуметтік сала тұрақты дамуда, кәсіпорындар ашылуда, тұрғын үйлер, ауруханалар, мектептер мен балабақшалар салынуда. Халқымыздың таңдауымен сайланған Мемлекет басшысының бағытын ұстана және қолдай отырып, жаңа табыстар мен жетістіктерге жетуіміз қажет», - деді өз сөзінде аудан әкімі.