11.12.2016, 07:49

Бүкіләлемдік зағиптар күні аталды

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы, Шаян ауылында «Қазақ соқырлар қоғамы» Қоғамдық бірлестігінің «Бәйдібек» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен «Бүкіл әлемдік зағиптар күні» аталып өтті.

Іс-шараға ауданымыздағы І-ІІ топ көз мүгедектері мен "Қазақ соқырлар қоғамы" Қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы төрағасы, облыстық арнайы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапхана директоры, көзі көрмейтін оқу өндірістік кәсіпорынның директоры және "Нұр Отан" партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Т.Дүйсенбеков, "Алғабас" газетінің редакторы Б.Қалаубай, "Зейнеткер тынысы" газетінің редакторы С.Тұржан, "Шаян" газетінің редакторы А.Әділбек, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ш.Отыншиев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ө.Алдамжаров, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Е.Есмырзаев қатысты.

Қонақтар Қазақстанның 25 жылда жеткен жетістіктерін саралап, бүгінгі буынға үлгі боларлық ілкімді істерді үлгі етті.

«Тұлғаны Президенттен қарап танып, білуге болады. Егемендік алған сәттері еліміз үшін ғана ТМД мемлекеттері үшін де қиын кезең болатын. Соған қарамастан, Мемлекет басшысы сарабдал саясатының арқасында елін аяғынан қаз тұрғызды. Ешкім сенбеген, күтпеген, ойламаған бас қаламыз Астананы салды. Осының өзі ауызтолтырып айтуға тұрарлық өнегелі де өшпес іс. Әркім тарихты өзі жасайды, келешектің кемелді болуы да бүгінгі қрпақ жадында болғаны ләзім», - деді «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Т.Дүйсенбеков.

Іс-шара барысында облыс орталығынан келген қонақтар мен ауданымыздағы бірқатар мекеме, бөлім басшылары құттықтау сөз алып, аудандық мәдениет үйінің концерттік бағдарламасын тамашалады.