$ 448.56  478.03  4.79

Әзірбайжан елшісі қазақстандықтарды Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтады

ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев Әзірбайжан Республикасынан келген делегация өкілдерімен кездесу өткізді. Мәртебелі меймандарды Әзірбайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Рашад Маммадаров бастап келді. Сондай-ақ, аталған топ құрамында Қазақстандағы Әзірбайжанның ішкі істер министрлігі өкілі Насими Шикаров пен әзірбайжандық кәсіпкерлер одағының төрағасы Гюндуз Маммадли болды.

Экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған кездесуде аймақ басшысы Оңтүстікке арнайы ат басын бұрған қадірменді қонақтарға алғысын білдіріп, әзірбайжандық инвесторлардың қатысуымен болып жатқан және болашақтағы бірлескен жобалар жайын таныстырды. Сондай-ақ, жиында облыстың ауыл шаруашылық саласымен қатар, кәсіпкерлік, туризм бағытындағы жоспарлары мен жетістіктері туралы әңгіме өрбіді.

«Түбі бір түркі тілдес елдердің бірі - әзірбайжан халқы мен қазақ елі тарихы біте қайнасып, тереңде жатқан бауырлас ұлттар. Сондықтан, қос мемлекеттің кез келген сала бойынша қоян-қолтық араласып, жұмыс істеуі заңды. Әзірбайжандық кәсіпкерлердің бастамасымен қолға алынған өңіріміздегі бірқатар өндіріс орындарының болуы осы туысқандық қатынастың жемісі деп білем. Әрі бұл игі байланыстың одан әрі нығайып, жалғасатынына сенімім кәміл», - деді Ж.Түймебаев.

Өз кезегінде әзірбайжандық елші барша қазақстандықтарды ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтап, екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың одан әрі де нығая түсуіне сенімді екенін білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша қос тарап арнайы жұмыс тобын құрып, нақты ұсыныстар мен жобалар бағытында іске кірісетін болып келісті. Сонымен бірге, әкім елші мырзаға облыс орталығы - Шымкент қаласы мен Әзірбайжанның бір шаһарын «бауырлас қалаларға» айналдыру ұсынын жеткізді. Бұл ұсынысты құп көрген Р.Маммадаров осы идея негізінде жұмыс істеуге дайындығын мәлімдеді. 

Жалпы, 2016 жылдың 9 айлық көрсеткіші бойынша Қазақстан мен Әзірбайжан елдерінің арасындағы тауар айналымы 112,1 млн. АҚШ долларын құраса, бұл өткен жылмен салыстырғанда 47,4 пайызға көп. Ал Оңтүстік өңірде Әзірбайжандық инвесторлардың қатысумен жұмсақ және кеңселік жиһаздар жобалары жұмыс істейді. Бұл кәсіпке салынған инвестиция көлемі 3,8 млрд теңгені құрайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары