$ 445.66  474.58  4.78

ОҚО-да «Алтын күз – 2016» мерекесі тойланды

Бүгін Оңтүстік Қазақстанда Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің күніне арналған «Алтын күз - 2016» салтанатты шарасы өтті. Ауыл шаруашылығы саласының жетістіктері баяндалған мерекеге келушілерді облыс әкімі Жансейіт Түймебаев құттықтап, биылғы жылдың өңір шаруаларына берекелі болғанын атап өтіп, шаруаларға қуанышты хабар ретінде келер жылға 6 млрд. 47 млн. теңге субсидия бөлінгенін жеткізді.

«Егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 13 мың га артып, бақша, көкөніс, мақта, картоп және жеміс-жидек дақылдарынан мол өнім жиналды. Өнім көлемін, гектар түсімділігін арттыруға негізінен шаруашылықтардың агротехнологиялық іс-шараларды дұрыс жүргізу мен өндіріске озық технологияларды ендіруге бет бұруының нәтижесінде қол жеткізіп отырғандығымызды мақтана айтуымызға болады. Оның ішінде, терең қопсыту технологиясы, тамшылатып суғару әдісі мен жылыжайлардың көлемі бойынша Республикада көш бастап келеміз», - деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, мерекелік басқосуда, Жансейіт Қансейітұлы облыста соңғы үш жылдың өзінде 2 мың га өндірістік интенсивті баулар отырғызылғанын айтып, оның тиімділігі гектарынан мақтамен салыстырғанда 30 есеге, бақшамен салыстырғанда 10 есеге артық өнім алуға болатынын жеткізді. Қарқынды баулардың көлемін ұлғайтуға Күнгейде мүмкіндіктердің барлығы бар екеніне тоқталған әкім мал шаруашылығында да қабылданған іс-шаралар мен «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары жоғарғы деңгейде орындалып жатқанын баяндады.

Мұнан соң, аймақ басшысы түрлі ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруден І орын алған озат аудан, қалаларды атап, арнайы мүсін мен облыс әкімінің сертификаттарын табыстады. Мәселен, астық өндіруде Қазығұрт ауданына ешкім тең келмесе, жүгері өндіруде Отырар ауданы, мақсарыда Төлеби, мақта бойынша Мақтарал аудандары үздік деп танылды. Ал бақша өнімдерін жинау бойынша шардаралықтар көш бастаса, көкөністе Сарыағаш, жеміс-жидекте Түлкібас, сүт Арыс қаласы, ет өндіруде Ордабасы шаруаларының мерейі үстем болды. «Сыбаға» бағдарламасының орындалуы жөнінен түркістандықтар ерлеп, «Алтын Асық» бағдарламасы шеңберінде Бәйдібек озық шықты. Ал озық инвестициялық жобаларды іске асыруда Шымкент қаласы басым болса, ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлес қосуда Мақтарал, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін ұйымдастыруда Сайрамның беделі биік болды. 

Мұнан бөлек, бұл күні түрлі салалар шеңберінде ІІ және ІІІ орындағы және өзге де еңбек озаттарының номинацияларды  алған 75 аудан, қала әкімдіктерінің өкілдері мен шаруашылық жетекшілерінің мерейі үстем болды.

Айта кетсек, мемлекет тарапынан тұқым шаруашылығын қолдау, гектарлық субсидия, жеңілдетілген жанар-жағар май, тыңайтқыштармен қамтамасыз ету, мал шаруашылығы өнімі мен асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдау, қайта өңдеу кәсіпорындарының шикі затты сатып алу құнын төмендету, инвестициялық субсидия, кредит/лизингтің пайыздық үстем ақыларын субсидиялау бағдарламаларының саланы дамытуға тікелей ықпал етуде. Оған дәлел, биылғы жылдың өзінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдауға 13 бюджеттік бағдарлама бойынша 26,0 млрд. тң бөлініп, өткен жылдан 24 % артты.

Дегенмен де жылдан-жылға халық санының өсіміне және экономикалық жағдайдың жақсаруына байланысты сапалы ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұраныстың артатыны сөзсіз. Сондықтан алдымызда аталып өткендей, облыстың аграрлық саласын 2017 – 2020 ж.ж. арналған дамытудың алты бағыты айқындалды. Оның ішінде бірінші кезекте ауыл шаруашылығы кооперативтер жүйесін қалыптастыруға, суармалы жерлерді қалпына келтіру, ұлғайтуға облыс әкімдігі тарапынан барлық шаралар атқарылатын болады.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары