Кеншілер қаласы тағы бір кәсіпорынмен толықты. Жаңа өндіріс орнында трансформатор құрамына қажетті қосалқы бөлшектер шығарылып, қала жастарын жұмыспен қамтудың қадамдары жасалды. Айтқандай, бұл күні моноқалада облысымыздағы тұңғыш жастарға қызмет көрсету орталығы ашылды.
Кентау – жастардың қаласы. Олардың қатары бүгінде 23 мыңнан асады. Жас толқынды жарқын істерге бастауға - нағыз уақыт. Қуатты күш бар. Осыны ескерген қала басшылығы бұрынғы «Халыққа қызмет көрсету орталығы» ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, жастарға тарту етті. Осылайша, мұнда тұңғыш жастарға қызмет ету орталығы ашылды. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 21,9 млн. теңге қаржы бөлінді. Қазір мұнда жастардың мәдени шығармашылық деңгейін көтеру мақсатында, би үйірмесі, «Жайдарман» КВН лигасы, спортқа баулу мақсатында шахмат, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, «ОҚЫ» кіші кітапханасы және кинозалдар мен тегін караоке клубтары жұмыс істейді.
Ал, «Электродеталь» серіктестігі жүзеге асырып отырған жобаның құны - 867 млн.теңге. Кәсіпорын соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталып, индустриалды аймақтан 1,6 га жер телімі бөлінді. «ЭлектроДеталь» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Кентау трансформатор зауытына қажетті 35-110 кВ күштік майлы трансформаторлардың жоғары және төменгі кернеуінің орамдарын шығаратын болады.
Қазіргі таңда аталған кәсіпорында 50 жұмысшы еңбек етуде. «ЭлектроДеталь» кәсіпорны жылына 1400 дана шкафты бұйымдар мен қосалқы стансалардың металл құрастырылымдарын нарыққа шығарады.